-14 C
Нур-Султан
-6.1 C
Алматы
0.3 C
Шымкент
-14 C
Нур-Султан
-6.1 C
Алматы
0.3 C
Шымкент

Білімді құндылық ететін қоғамды қалыптастыра аламыз

Ақерке Абылайхан,

білім сарапшысы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі

– Президенттің кезекті Жолдауында маған ең қатты әсер еткені – Ұлттық қордан түсетін пайданың 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін болып шешім қабылданғаны. Білім саласында жұмыс істеп, аймақтарда қызмет атқарған соң халықтың жағдайын білеміз. «Бес саусақ бірдей емес». Өзіміз де 3 бала тәрбиелеп отырған ана ретінде бұл қадамның болашақ ұрпақ үшін көңілге сенім ұялататын нақты іс деп санаймын.

Сонымен қатар, Жолдауда мектепке дейінгі білім беру жүйесіне қатысты ойлар айтылды. Биыл Тамыз кеңесінде Оқу-ағарту министрлігі тарапынан барлық балабақшаны лицензиялаймыз деген ұсыныс айтылған болатын. Мәселе терең талқыланып, қоғамдағы өткір ойлар ескеріліп, балабақшаларға емес, балалармен тікелей жұмыс істейтін тәрбиеші-педогогтардың кәсіби құзыреттілігіне тапсырылды. Буыны қатпаған баламен жұмыс істеу өте қиын. Сондықтан бұл саладағы мамандардың өз ісіне деген махаббаты, қызығушылығы терең болуы керек. Олардың жалақысын көтеріп, еңбегін ескеру тапсырылғаны құптарлық.

Сондай-ақ қазақ тілін, ағылшын тілін оқытуға қатысты айтылған ойлар бар. Жалпы, тіл білгеннің зияны жоқ. Арамызда 7-8 тіл білетін азаматтар жүр. «Болашақ» бағдарламасымен жұмыс істеген кезімде шетелдік профессорлар қазақ жастарының шет тілдерін меңгерудегі қабілетін ерекше атап айтатын. Қазақ тілін білуіміз шарт, дегенмен адам неғұрлым көп тіл білсе, соғұрлым бай. Алған білімімізді, игерген ғылымымызды халыққа жеткізу үшін қазақ тілі ғылым тіліне айналуы керек. Әйтсе де халықаралық деңгейдегі білім мен ғылым кеңістігіне араласып, байланыс орнату мақсатында ағылшын немесе басқа тілдерді меңгеруіміз қажет.

Жалпы, білім беруде қорқытып не үркітіп емес, саналы түрде, сеніммен мәдениетті, ғылымға құштар тұлғаны қалыптастыруға тырысқанымыз абзал. Сонда ғана білімді құндылық ететін қоғамды қалыптастыра аламыз. Жоғары білім беру саласында гранттарды қаржыландыруды дифференциациялау – жастардың білімге деген талпынысын арттыратыны сөзсіз. Әр жас толық грант алуға мүдделі болады. Екіншіден, несиелеу жүйесін енгізу. Бұл – білім алам деген адамға қолдау, халықаралық тәжірибеде бар дүние.

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар