Украина қаржы министрі Сергей Марченко мен Ұлыбритания қазынашылық канцлері Рейчел Ривз Украинаға 2,26 миллиард фунт стерлинг (шамамен үш миллиард АҚШ доллары) көлемінде несие беру туралы келісімге қол қойды, деп хабарлады Украина Қаржы министрлігі.
Қол қою рәсімі онлайн форматта өтті, оған Украина президенті Владимир Зеленский мен Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер қатысты. Қазіргі уақытта олар Лондонда.
«Несие Ресейдің бұғатталған активтерінен түскен табыстар есебінен өтеліп, қайтарылады. Қаржыландыру мерзімі – 30 жыл. Қаражат Украина тарапынан қажетті қорғаныс материалдарын сатып алуға бағытталады», – делінген Украина Қаржы министрлігінің ресми хабарламасында.
Бұл несие – G7 («Үлкен жетілік») елдерінің Украинаға арналған Extraordinary Revenue Acceleration for Ukraine (Украинаны жедел қаржыландыру бағдарламасы) механизмі аясындағы 50 миллиард АҚШ долларын құрайтын жалпы көмектің бір бөлігі. Осы бағдарлама аясында Украина бұған дейін АҚШ-тан бір миллиард доллар, ал Еуроодақтан үш миллиард еуро алған.
BBC мәліметінше, Украина президентімен кездесуден кейін Ұлыбритания премьер-министрі Дональд Трамппен және Франция президенті Эммануэль Макронмен телефон арқылы сөйлесті. Келіссөздердің мазмұны жарияланған жоқ.
Жексенбі күні Владимир Зеленский Украинаға арналған саммитке қатысады.