-9 C
Нур-Султан
-2.1 C
Алматы
10.3 C
Шымкент
-9 C
Нур-Султан
-2.1 C
Алматы
10.3 C
Шымкент

«Астана» халықаралық форумын өткізуге 4,5 млрд теңге бөлінбек

Вице-премьер, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, «Астана» халықаралық форумын ұйымдастыру және өткізу 4,5 млрд теңгені қажет етеді.

Журналистердің сұрағына жауап берген Жұманғарин қажетті қаражаттың шамамен 4,5 млрд теңгені құрайтынын айтты.

«Біз барынша оңтайландырып жатырмыз, бірақ шамамен осындай сома қажет. Жалпы, бұл деңгейдегі форумдар үшін аса үлкен сома емес», – деді ол. Министрдің сөзінше, форум бюджеттен тыс көздерден, яғни демеушілердің қаржысы есебінен ұйымдастырылады.

Жұманғарин демеуші компаниялар болашақ инвестициялық қызметтері үшін айтарлықтай пайда көретінін де атап өтті.

Журналист президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметке қаржыны үнемдеуді және оны ең өзекті мәселелерді шешуге бағыттауды тапсырғанын еске салып, ауқымды форум өткізудің қажеттілігі жайында сұрады.

«Біз мұндай форумдар қазір қажет деп санаймыз. Мұндай іс-шаралар елде қолайлы бизнес және инвестициялық ахуал қалыптастыруға ықпал етеді. Иә, біраз уақыт форум өткізілген жоқ – пандемия, су тасқындары болды. Бірақ біз бұл форматқа қайта оралдық. Әлемге қайта ашылған ел ретінде форумдар өткізуге дайынбыз. Біз қиын кезеңнен өттік: бюджет реформасы аяқталуға жақын, алда салық реформасы бар. Қаржы жағдайы тұрақталды. Барлық қаражат бюджет қажеттіліктеріне бағытталады деп айтар едім», – деді вице-премьер.

Алайда Жұманғарин атаған сома бұған дейінгі жылдармен салыстырғанда төрт есе көп. Мәселен, 2023 жылы сол кездегі вице-премьер Ерұлан Жамаубаев форум өткізуге 1 млрд теңге бөлінгенін айтқан болатын. Өткен жылы форум су тасқыны мен оның салдарын жоюға қаражат үнемдеу қажеттігіне байланысты өткізілмеді.

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар