Бұл туралы баланың құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Ол заңнамаға енгізілетін тиісті түзетулерді үкімет жақын арада қарайтынын айтты.
Инстаграм парақшасында бала құқықтары жөніндегі омбудсмен блогер Daricorn түсірген видеороликке қатысты пікір білдірді. Видеода тоғыз жастағы бала көрсетілген, ол буллингтің құрбанына айналған.
«Ересектер мұның салдары туралы, баланың қандай психологиялық жарақат алуы мүмкін екені жайлы ойланбайды, оның әлемге деген сенімін күйретеді. Жеке мақсаттарына жету үшін адамгершілікті ұмытып кетеді. Бұл әрекетті жасаған ересектердің баладан кешірім сұрап, жағдайды түзетуге тырыспағаны – өкінішті», – деп жазды Закиева.
Ол жыл басында депутат Юлия Кучинскаямен бірге балалардың суреттері мен видеоларын пайдаланғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамаға түзетулер әзірлегендерін айтты:
«Депутат Кучинскаямен бірлесіп балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған түзетулер дайындадық – балалардың бейнесін, фотосуреттері мен видеоларын пайдаланғаны үшін жауапкершілікті күшейту және қылмыстық жауапкершілік енгізу туралы. Жақын арада бұл түзетулер үкіметке сараптамаға жіберіледі».
Динара Закиева пікір білдірген жанжалдың егжей-тегжейін жоғарыдағы реплайдан оқуға болады.