Reuters агенттігі екі сенімді дереккөзге сілтеме жасай отырып, Мәскеу АҚШ-қа Украинадағы соғысты тоқтату және Вашингтонмен қарым-қатынасты қалпына келтіру үшін келісім жасауға қажетті талаптарының тізімін бергенін хабарлады.
Алайда Мәскеу бұл тізімге нақты не енгізгені және бұл шарттар қабылданбай тұрып Киевпен бейбіт келіссөздер жүргізуге дайын ба, ол жағы әзірге белгісіз. Дереккөздердің айтуынша, ресейлік және америкалық шенеуніктер соңғы үш аптада бұл талаптарды жеке кездесулерде де, виртуалды форматта да талқылаған.
Кремль өз талаптарын жалпы түрде баяндап, оларды бұған дейін Украина, АҚШ және НАТО-ға қойған талаптарымен ұқсас сипатта ұсынған. Бұл талаптар арасында:
Украинаның НАТО-ға мүшеліктен бас тартуы;
Шетелдік әскерлердің Украина аумағында орналастырылуына тыйым салу туралы келісім;
Ресей президенті Владимир Путиннің Қырым мен төрт украиналық облысты Ресейдің бөлігі ретінде мойындау туралы мәлімдемесін халықаралық деңгейде тану бар.
Сарапшылардың пікірінше, Ресей бұл талаптарды тек Украинамен келісім жасау үшін ғана емес, сонымен қатар Батыс одақтастарымен де белгілі бір келісімдерге келу мақсатында ұсынып отыр.
«Ресей қандай да бір ымыраға келуге дайын екеніне ешқандай дәлел жоқ. Талаптар мүлдем өзгермеген. Менің ойымша, олар шын мәнінде бейбіт келісімге де, мағыналы бітімге де мүдделі емес», – деді Reuters агенттігіне Brookings институтының аға ғылыми қызметкері, бұған дейін АҚШ барлауында Ресей және Еуразия бойынша бас сарапшы болған Анджела Стент.