Алматы гарнизонының әскери соты әскери қызметші Айтжан Аубакировты қаңтар оқиғасы кезінде Ерлан Жағыпаров пен Әуез Капсалановтың қаза табуына байланысты жеті жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлады «Азаттық» радиосы.
«7 ақпанда Алматы гарнизонының әскери соты 2022 жылдың басында Алматыдағы Қаңтар оқиғасы кезінде жергілікті тұрғындар Ерлан Жағыпаров пен Әуез Капсалановтың қаза табуына қатысты жалғыз айыпталушыға үкім шығарды. Айтжан Аубакиров кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Бұлтартпау шарасы қамауға өзгертілді. Судья оны сот залында қамауға алуды бұйырды», – делінген хабарламада.
Сот процесі 2024 жылдың желтоқсанында, Жағыпаров пен Капсалановтың қаза тапқанынан кейін шамамен үш жыл өткен соң басталды. Іс материалдарына сәйкес, оларды Алматыдағы Республика алаңында ұстаған, кейін ұрып-соғып, артынан оқ атқан. Бастапқыда іс «Кісі өлтіру» бабы бойынша тергелген, бірақ кейін «Билікті асыра пайдалану» бабына өзгертілген.
16 қаңтардан бастап сот отырыстары жабық режимде өтті. Бұл шешім сотқа куәгер ретінде шақырылған полиграфолог-эксперттің өтініші бойынша қабылданды. Жәбірленушілердің адвокаты Сауле Кобжанова бұған негіз болатындай салмақты себептер болмағанын айтты.