46 жастағы Армен Саркисян Мәскеуде жарылыстан кейін көз жұмды.
Мәскеудегі «Алые паруса» тұрғын үй кешенінің холлында жарылыс Астана уақытымен 11:45 шамасында болған. БАҚ бір адамның қаза тапқанын және төрт адамның жарақат алғанын жазды. Кейінірек жараланғандардың бірі қайтыс болғаны анықталды.
Ол – Ресей жағында соғысып жүрген, негізінен этникалық армяндардан құралған «АрБат» батальонының негізін қалаушысы және ДНР-дің бокс федерациясының жетекшісі Армен Саркисян болып шықты.
2024 жылдың қыркүйегінде Армения билігі әскери қызметкерлерді қазіргі билікті құлатуға тарту әрекеті туралы мәлімдеген. Ұлттық қауіпсіздік қызметінің хабарламасында армян офицерлері жеткізілген «Арбат» әскери базасы аталған. Бұл базаның жетекшісі ретінде А. С. деген инициалдары Армен Саркисянның аты-жөнімен сәйкес келетін адам көрсетілген.
Саркисян кәсіпкер әрі қылмыстық топ жетекшісі ретінде де белгілі. Ол Горловский деген лақап атпен танымал (бұл оның бала кезінен өмір сүрген Украинадағы Горловка қаласының атауы). 2013–2014 жылдардағы Еуромайдан кезінде ол Виктор Януковичті қолдаған агрессивті топтар – «титушкалардың» ұйымдастырушысы ретінде айтылған. Кейін «титушки» митингтердегі арандатушыларды сипаттайтын жалпы атауға айналды.
Саркисян 2014 жылдан бері Украинада іздеуде болған.
2024 жылдың 17 желтоқсанында Мәскеуде Ресей қарулы күштерінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлерінің басшысы Игорь Кириллов самокатқа бекітілген жарылғыш құрылғы арқылы өлтірілген.