Қазақстан бюджеті Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы мұнай тасымалының 1,5-2 айға 30%-ға төмендеуі салдарынан 2025 жылы шамамен 300 млрд теңге жоғалтуы мүмкін, деп есептейді Энергетика министрлігінің қоғамдық кеңес мүшесі, сарапшы Олжас Байділдинов.
«КҚК Қазақстан мұнайын айдауды 1,5-2 айға 30%-ға қысқартуы мүмкін деп жазып жатыр. Бұл қаражаттың кем дегенде 30%-ын биылғы жылы бюджетіміз тікелей ала алмайды. Бұл шамамен $600 млн немесе 300 млрд теңге», – деді Байділдинов сейсенбі күні.
Оның айтуынша, есептеу келесідей жүргізіледі: 2024 жылы КҚК арқылы 53,8 млн тонна қазақстандық мұнай тасымалданған. Бір айда бұл шамамен 4,5 млн тонна, ал екі айда – 9 млн тонна. Осы көлемнің 30%-ы – 2,7 млн тонна немесе шамамен 19,7 млн баррель, олардың нарықтық құны – $1,4 млрд (бір баррель үшін $70 бағасымен есептегенде).
Сондай-ақ, Теңіз кен орны кеңейту жобасын аяқтап, өндірісті ұлғайтуы тиіс, ал мұнай айдау станциясының (МАС) зақымдануының өзі де шығын. Жалпы залал сомасын $2 млрд-қа дейін дөңгелектеуге болады.
Еске салайық, 17 ақпанда Каспий құбыр консорциумының (КҚК) мұнай тасымал нысаны – «Кропоткинская» мұнай айдау станциясы (МАС) жеті ұшқышсыз ұшу аппаратының (ҰҰА) шабуылына ұшырады. 18 ақпанда бұл шабуыл салдарынан Қазақстан мұнайының тасымалы 1,5-2 айға 30%-ға дейін төмендеуі мүмкін екені белгілі болды.