Украина Президенті Владимир Зеленский АҚШ пен Ресей арасындағы Украинасыз өтетін ықтимал келіссөздер тек Украинаға ғана емес, барлық тараптарға қауіп төндіретінін мәлімдеді. Associated Press-ке берген сұхбатында ол қақтығысты реттеу бойынша кез келген талқылауларға украиналық тараптың қатысуы қажет екенін ерекше атап өтті.
Бұған дейін Дональд Трамп өзінің командасы Мәскеумен келіссөздер жүргізгенін хабарлаған, бірақ оған нақты кім қатысқанын ашып айтқан жоқ. Зеленскийдің айтуынша, оның әкімшілігі Трамптың айналасымен байланыс орнатқан, жақын арада жеке кездесулер жоспарлануда. Алайда АҚШ-тың бұрынғы президентінің арнайы өкілі Кит Келлогтың қаңтар айына жоспарланған Киевке сапары заңдық себептерге байланысты кейінге қалдырылды.
Украина көшбасшысы Ресеймен жасалатын кез келген келісімдерде Батыс одақтастарының қауіпсіздік кепілдіктері болуы тиіс екенін баса айтты. Оның сөзінше, Украинаның НАТО-ға кіруі басты басымдық болып қала береді, себебі бұл нұсқа АҚШ үшін де «ең арзан әрі тиімді» жол.
Зеленский Ресейдің тең дәрежедегі келіссөздерге дайын емес екенін, себебі мұны жеңіліс белгісі ретінде қабылдайтынын жеткізді. Ол сонымен қатар 800 мың адамнан тұратын украин армиясы НАТО үшін қосымша артықшылық бола алатынын, әсіресе Трамп шетелдегі америкалық әскерлерді қайтаруды шешсе деп, атап өтті.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың «соғыс Украинаға 100 жылға артқа шегінуге әкелді» деген сөзіне тоқтаған Зеленский оны Украинаға келіп, тек қираған жерлерді ғана емес, украин халқының жерін қорғаудағы қажырлы еңбегін көруге шақырды.
Бұған дейін Трамп сайлауалды науқаны кезінде Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты қысқа мерзімде шешуге уәде берген еді. 31 қаңтарда ол Мәскеумен «маңызды талқылаулар» жүргізілгенін мәлімдеді, бірақ егжей-тегжейін ашпады. Кремль Трамптың командасынан ресми ұсыныстар әлі түспегенін хабарлады.