Қызылордадағы перинаталдық орталық қызметкерлері, босанушы әйелдің ВИЧ жұқтырған жағдайын айтып берді. Бұл туралы Orda.kz хабарлады.
Олардың айтуынша, ауыр жағдайда түскен әйелге шұғыл түрде қан құю қажет болған. Дәрігерлер 12 донордан алынған қанды пайдаланған. Алайда, ауруханадан шыққаннан кейін бір ай өткен соң науқастан ВИЧ анықталған.
«Біз бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігіне хабарладық және оқиғаны хаттамаға тіркедік. Алайда ешқандай шара қолданылмады. Тіпті, бұл ақпаратты БАҚ-қа таратпау туралы нұсқау берілді. Ал науқасқа өтемақы ұсынылды», – дейді дереккөз.
Сонымен қатар, редакцияның қолында Қызылорда облыстық перинаталдық орталығының босанған әйелдің ВИЧ инфекциясын жұқтырғаны туралы анықтамасы бар. Ол құжат ҚР Бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсеноваға жолданған.
Бүгін бұл жағдайға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова түсініктеме берді. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр.
«Бұл іс Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде, оның нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданады», – деді министр Мәжіліс дәлізінде.