Пәкістан соты бұрынғы премьер-министр Имран Хан мен оның жұбайы Бушра Бибиді жерді заңсыз алу бойынша кінәлі деп тапты.
Reuters агенттігінің мәліметінше, сот Ханға 14 жыл бас бостандығынан айыру жазасын, ал оның жұбайына — 7 жыл берді.
Тергеу мәліметі бойынша, Хан премьер-министр болып тұрған кезде (2018–2022 жылдары) жылжымайтын мүлік магнаты Малик Риаз ерлі-зайыптыларға жер учаскелерін заңсыз қызметтерге, соның ішінде ақшаны заңдастыруға көмек көрсеткені үшін берген.
Іске қатысты жер учаскелері Имран Хан мен Бушра Бибидің құрған Al Qadir Trust қоры арқылы рәсімделген. Айыптау тараптың нұсқасы бойынша, бұл қор жеке пайда табу үшін пайдаланылған.
Ханның «Әділет қозғалысы» (PTI) партиясы жер учаскелері рухани және білім беру мақсаттарына арналған деп мәлімдеді. Имран Хан мен Бушра Биби өз кінәларын мойындаған жоқ. Олардың адвокаттары сот үкімін қайта қарауға шағымданатынын айтты.
«Біз Al Qadir Trust ісі бойынша Имран Хан мен Бушра Бибиге тағылған айыптардың негізсіз екенін санаймыз», — деп мәлімдеді PTI өкілдері.
Пәкістанның Әділет министрі Азам Назир Тарар Имран Хан президентке рақымшылық сұрау туралы өтініш бере алатынын айтты.
Өткен жылдың басында Имран Хан мен бұрынғы сыртқы істер министрі Шах Махмұд Курешиге мемлекеттік құпияны жария ету ісі бойынша 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған еді.