ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің мәліметтері бойынша, 2025 жылдың басынан бері өндірістегі жазатайым оқиғалардың салдарынан 293 жұмыскер зардап шегіп, олардың 40-ы қаза тапқан. Бұл ретте осы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,8% — ға төмендепті.
2025 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану деңгейі (1000 жұмыс жасаушыға шаққанда жазатайым оқиғалар жиілігінің коэффициенті) 0,04 құрады.
«Жарақаттанудың жоғары деңгейі еліміздің өнеркәсіптік аймақтарында сақталуда. Мәселен, Қарағанды облысында – 31, Қостанай облысында – 27, Шығыс Қазақстан облысында – 24, Ақтөбе облысында – 22, Атырау облысында – 22, Алматы қаласында – 19 адам зардап шекті. Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындарында – 15,3% және құрылыс саласында – 12% байқалады», — делінген хабарламада.
Жазатайым оқиғаларға әкеп соққан негізгі себептер: жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру (34,4%); жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (32%); жол жүріс ережелерін бұзу (8,4%); еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларын бұзу (7,6%) болды.
«Соңғы бес жыл ішінде еңбекті қорғау саласында мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер қабылдаған кешенді шаралар өндірістік жарақаттану деңгейін 6,3%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Еліміздің 3262 кәсіпорны бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді», — делінген хабарламада.