Біздің қазақ айтқыш қой: «Мақтаған қыз тойда бүлдіріпті» деген мақалға мәндес сөз қай халықта бар? Ешкімде жоқ-ау! Мақтау-мадақ туралы неге қозғадық? Абай облысы құрылғанда, жер-көкке сыйдырмай мақтаған Нұрлан Ұранхаев жайлы айтпақпыз.

Нұрлан Телманұлы не істеп жүр өзі? Абай облысына әкім болып, Семейді гүлдендіріп жіберердей, жарнамасын жалдамалы блогерлерге жасатқанда, екпіні тау қопарардай қатты еді. Желі шығып кеткен бе, желді күнгі қаңбақтай ұшты-күйлі көрінбейді. Ұранхаевтың ұрандатқан уәдесі де, бағдарламасының да қарасы жоқ қазір.

Экономикалық зерттеулер институтының былтырғы жүргізген рейтингісінде қалалар бойынша Семей ең соңғы орынға тұрақтапты. Аталған институт Қазақстандағы 25 қаланы үш фактор: экономика мен бизнес, адам ресурсы және инфрақұрылым бойынша бағалаған. Өмір сүру жайлылығы, еңбек нарығы, халықтың денсаулығы мен материалдық жағдайы және өзге категориялар бар. Рейтингтің басында Астана тұр. Семей соңғы орынға әрең ілінген. Аты аңызға айналған шаһардың алдында Сәтбаев, Жезқазған, Тараз, Риддер қалалары шығып кеткен.

Семей білікті басшы келсе, гүлденіп-түрленіп кеткелі тұрған шаһар еді ғой. Қаланың даму мүмкіндіктері де көп. Тек тетігін таба білу керек. Оған Нұрлан Ұранхаевтың қабілеті тартпай тұр-ау шамасы. Былтыр облыс болып қайтадан құрылғанда, аймақты дамыту үшін миллиардтаған қаржы бөлінген-ді. 323 мың тұрғыны бар қала үшін адам қиялына сыймайтын ақша! Бірақ соның өзін ұқсата алмағаны көрініп тұрған жоқ па? Биыл қала бюджеті 56 млрд теңгеден 84 млрд теңгеге дейін артыпты. Ұранхаевтың ақша жоқ, қаржы ақ болды, көк болды деп сылтау айтатындай, біреуге өкпелейтіндей, еш себебі, еш қисыны жоқ.

Облыс-аймақтардың дамуы тікелей инвестицияға тәуелді. Бұл жағынан келгенде, Семей қаражаяу емес. Былтыр «Русская медная компания» деген Ресей компаниясы Абай облысындағы Айдарлы мыс кенішін игеру және тау-кен байыту комбинатын салу құқығын алу үшін 1 миллиард долларға жуық инвестиция құюға бейіл екендерін білдірген-ді, оны Ұранхаевтың өзі мәлімдеген еді. Бірақ Нұрлан Телманұлы журналистерге берген сұхбатында «Русская медная компаниясымен» келісімшарттың қалай жасалғанын «білмейтін» болып шығады. Ол да жатып өлетін «бала» емес, компанияның артында тұрған дөкейлерді жақсы біледі. Білген соң, артық әңгімеге барғысы келмей, жасаған сақтығы ғой.

«Мен осы қызметке келмей тұрып болған, кеніш осы компанияға рәсімделген. Бізге оның қалай пайда болғаны емес, инвестордың келгені, ақша құйғаны, жаңа жұмыс орындарын ашқаны маңызды», – деп еді сол кезде.

Әлеуметтік желі мен ғаламтор бетінде Семейден шыққан, Астанада әртүрлі қызметтердің басын шалған экс-бизнесмен, қазіргі әкім Ұранхаев бір жылдан бері логативті белгілеумен және бір-екі той-томалақты атап өтумен ғана шектелгені өріп жүр. Шенеуніктің басқа «ерлік-хикаяттары» жоққа тән. Мысалы, өңірде инфрақұрылымның әбден тозғаны жайлы көп айтылады. Жасалғаны жайлы әңгіме жоқ. Қаланы дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары бар, бірақ соның қаншасының қолға алынғаны хақында ақпарат аз. Саябақтарға жүргізілген жөндеу жұмыстары туралы айтылады, бірақ соның біткені, қала тұрғындарының игілігіне берілгені хақында әңгіме таппайсың. Ұранхаевтың ұлы-дүбір науқаншыл тірлігіне қарасаңыз, Абай облысын абаттандыратын адамға емес, Семейді сорлататын басшының қарекетіне көбірек ұқсайтындай.

Айтпақшы, Қазақстан футбол федерациясының бас менеджері Асқар Ұранқаев пен Нұрлан Ұранхаевтың туысқандық жақындығы бар ма? Бір әріптегі айырмашылық екі азаматты алыстата қоймас. Жұрт та солай айтады. Ал салынып болмай жатып сиқы кеткен «Абай-Арена» спорт кешенінің футбол десе, ішкен асын жерге қоятын Ұранхаевтарға қаншалық қатысы бар? Алдағы уақытта оны да жазармыз.

 Жарас ШӨКЕ

«Жас Алаш» газеті