Әр адам – өз өмірінің қожайыны. Тынбай еңбек етіп, таршылық көрмей тірлік ету де, жұмыста береке болмай, әркімге тіленіп күн кешу де әркімнің өзіне байланысты. Әсіресе, Алматы сияқты миллиондаған тұрғынды бір шаңырақ астына біріктірген алып қалада еңбек етпей ел қатарлы тіршілік жасау мүмкін емес. Содан болар, біреулер тиыннан теңге құрап, жартыны бүтін жасап тырбанып жатқанда, біреулер алақан жайып, айналасындағылар жырмыштап ұсынған садақаға күн көруге мәжбүр. Өкініштісі сол, жұмыс істеуге ұмтылмайтын, жұрттар барымен бөліссе дейтін масылдық сана жастар арасында жиі кездесетінін байқап жүрміз. Керісінше, зейнетке шыққан, жасы келсе де қосымша табыс табуға ұмтылатын ата-әжелердің көптігі ойландырмай қоймайды.

         Мәселен, Алматы қаласында «Белсенді ұзақ өмір сүру» деп аталатын орталықтар 2018 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әзірлеуімен қоғамға жол тартқан бұл орталықтардың құрылуына «Белсенді ұзақ өмір» Ұлттық жоспарындғы міндеттер түрткі болған еді. Ал Алматы қаласы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы іске қосылған Қазақстандағы алғашқы өңір.

Міне, 2018 жылы маусым айынан бері тынбай жұмыс атқарып келе жатқан бұл орталықтар бүгінде көпшілікке жақсы танымал. Алғашында зейнет жасындағы жүзге жуық адамды қамқорлыққа алып, қолдау көрсету жоспарланған бұл орталықтардың Алматыдағы жалпы саны бүгінде сегізге жетті. Сондай салауатты орталықтың Алматы қаласы Жетісу ауданындағы бөліміне Еңлік Ерланқызы Алтынбекова жетекшілік етеді.

— Алғашында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына адамдарды өзіміз хабарласып шақырдық. Кейіннен зейнетке шыққан ата-апаларымыз жаңалықты бір-бірінен естіп, орталыққа өздері сұранып келе бастады. Аға буынның өмірге құштарлығы, белсенділігі бізді екі есе күшпен жұмыс істеуге ынталандырды. Бұрын біз орталық зейнеткерлердің басын қосатын, жабыққанда сырымен бөлісетін, дос табатын орынға айналса дейтінбіз. Кейіннен зейнеткерлердің өтінішімен мамандарды арнайы шақырып құқықтық кеңестер алуға, түрлі курстарды оқып, жаңа кәсіп бастауына көмектестік. Зейнеткерлер жалғыз зейнетақысына байланып қалғысы келмейді. Сонымен бірге, туыс-туғандарына, бала-шағасына алақан жайып, ақша сұрауды да ар көреді. Орталықта ұйымдастырылған курстар қарттардың қосымша кәсіп үйреніп, табыс табуына көмектесіп жатқанына қуанамыз, — дейді Еңлік Ерланқызы.

         Қартайса да өз жағдайын өзі жасағысы келетін қариялардың өмірге құштарлығына, зейінінің жоғарылығына, ынтасына тәнті боласың. Біз пікірін білген Надежда Шова, Гульмира Станбекова, Сагадат Якупова, Ирсалат Таджибаева, Любовь Коржовалар Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы 2019 жылдан бері келеді екен. Төрт жылдан бері бір отбасының адамдарындай жақын болып кеткен зейнеткерлердің өздеріне қолдау көрсетіп отырған орталыққа айтар алғысы шексіз.

— Бізде «Еңбек терапиясы» деген дәріс өтеді. Тәлімгеріміз Света Ершова кесте тігуге, бисермен көркемдеп түрлі бұйымдар жасауға, тоқыма тоқуға, сурет салуға үйретеді. Бұл зейнеткерлерге табылмайтын ермек. Содан болар, Света Ершованың дәрістеріне бәріміз қалмай қатыстық. Менің өзім тоқыманы жақсы меңгердім. Зейнеткерде бос уақыт көп. Сол кездерде кішкентай нәрестелерге арнап шұлық, жемпір, тақия тоқуға шындап кірістім. Басында тек ермек үшін қызыққан едім. Кейіннен жасаған дүниелерімді көпшілікке ұсына бастадым. Шыны керек, халық қолдан жасаған бұйымдарды ерекше бағалайды. Жүректен шыққан дүние жүрекке жетеді деген рас. Бар пейіліммен жасағандықтан болар, менің тоқыған заттарымның ұзақ уақыт өтпей қалған кезі жоқ. Жаңа өнерді меңгергеннің арқасында ақырындап қосымша табыс таба бастадым. Зейнақым бар, мына табысым бар, бүгінде тіпті жақындарыма сыйлық жасап, көмек беруге мүмкіндік туды, — дейді зейнеткер Гульмира Станбекова.

Сагадат Якупова, Ирсалат Таджибаева, Любовь Коржовалар да тәлімгердің үйретуімен жаңа үлгідегі сумкаларды жасауды үйренгендеріне, кесте тігіп, бисермен түрлі бұйымдар жасауға машыққандарына дән риза. Зейнеткерлердің айтуынша, қазіргі кезде халық сыйлыққа қолдан жасалған бұйымдарды бергенді жөн көреді. Әсіресе, тоқыма, кестеленген сумкаларға сұраныс өте жоғары. Соынмен бірге, бисермен өрнектелген бұйымдарды да арнайы сатып алатындар жетерлік.

— Кейде жап-жас келіншектердің көмек сұрап, елге алақан жайып отырғанын байқап қаламын. Жанына балаларын ертіп алатындар да бар. Олар ұл-қызына не тәрбие береді? Егер мүмкіндігі шектеулі болса, кемтар болған соң жұмысқа жарамаса түсінуге болар. Ал аяқ-қолы сау адамға қазір табыс табуға мүмкіндік көп. Ата-ана – балаға айна. Қайыр сұрап, елден жылу жинап күн көруді кәсіп еткендер ұрпағын масылдық санаға тәрбиелеп жатқанын ұмытпауы керек. Бала бір күн қайыр сұрағанға қысылуы мүмкін, ал күнде айналасына алақан жайған баланың намысы өліп кетеді. Намыссыз ұрпақ содан пайда болады. Мен зейнетке шықсам да тыраштанып табыс тапсам деймін. Бұл ақша жетпегендіктен жасалған амал емес. Осы қадамым арқылы мен туыстарыма қанша жасқа келсең де еңбек етуге, қосымша табыс табуға кеш еместігін түсіндіргім келеді, — дейді зейнеткер Надежда Шова.

Орталық басшысы Еңлік Ерланқызы жаңа кәсіп үйренем, қолөнер бұйымдарын сатып табыс табамын деген зейнеткерлерге әрдайым көмек көрсетілетінін айтып отыр. Тіпті, Алматы қаласының әкімдігі арнайы жәрмеңке өткізіп, зейнеткерлер қолынан шыққан бұйымдардың саудаға шығуына, өз тұтынушысын табуына мүмкіндік беріп келеді. Одан бөлек, орталық пен әкімдік өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында зейнеткерлер еңбегін жарнамалап, бұйымдарға деген көпшілік сұранысын тудыруға жағдай жасап келеді. Өйткені, бүгінгідей ақпараттық заманда әлеуметтік желі үлкен маңызға ие. Бұл алаң сонымен бірге, қартайса да жаңа кәсіп үйренсем деген зейнеткерлердің табысты өмірін көпшілікке насихаттаудың тамаша мүмкіндігі.