Шәріпбаев QazaqGaz-дың қымбат үйлерін арзан бағада туыстарына үлестірмек болған.Бұл туралы Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында QazaqGaz ұлттық компаниясының қазіргі басшысы Санжар Жаркешов айтты.

«Біздің компаниямыздың балансында бір элиталық, премиум кластағы тұрғын үй кешені бар екен. Алматының қақ ортасында. Ондай үйдің шаршы метрі 300 мың теңгеден берілген. Бұл әділетті ме? Біздің ойымызша, бұл – әділетсіз. Баға негізі әлдеқайда жоғары ғой. Сол тұрғын үй бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл іспен белсенді түрде айналысқан біраз адамдар табылды», — деді Жаркешов.

«Сізге дейінгі төраға ма?» деген сұраққа ол «иә» деп жауап берді.

«Иә, туыстарына, достарына, тіпті компанияда қызмет етпейтін адамдарға да су тегін бағаға үлестіріп бермекші болған. Сондай ниет болған екен. Мұның барлығы тоқтатылды. Бұл іске қатысы бар адамдармен еңбек шарттарын бұздық. Құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр», — дейді ол.

Санжар Жаркешов компания бұрынырақта өз ақшасымен бір банкті қаржыландырып, инвестициялағанын, кейін ол банк банкроттыққа ұшыраған соң, өз ақшасын сол тұрғын үймен алғанын атап өтті

«Енді компания сол тұрғын үйді ақшаға айналдыруы керек еді. Бірақ халыққа нарықтағы бағамен сатуы тиіс еді», — дейді ол.