НАЗАРОВ:МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛУ — ЕР АЗАМАТТЫҢ ПАРЫЗЫ

–Алексей Васильевич, сіздің дауыс берушілеріңіз осы сұхбатты оқитынына кәміл сенемін.  Оларға өзіңіз туралы қысқаша ақпарат айтып өтсеңіз. Сіз кімсіз? Не кәсіппен айналысасыз? Қоғамдық өмірде қандай жетістікке жеттіңіз?

– Мен кәсіби әскери адаммын. 1999 жылы әскери училищені бітіргеннен кейін  одан әрі қызмет ету үшін ішкі әскерлер қатарына (қазіргі ұлттық гвардия) взвод командирі ретінде жіберілдім. Қазіргі уақытта бейнебақылау және күзет-өрт дабылдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласы бойынша бизнеспен айналысамын. 20 жылға жуық кәсіпкерлік қызмет барысында 50-ден астам түрлі нысандар – кеңселер, әкімшілік ғимараттар, банк мекемелеріне қызмет көрсеттік және мемлекет кірісіне 1 миллиард теңгеден астам салық аударымы төленді.

–  Елімізде тіл мәселесі әлі де өзекті. Сіздің қазақ тілінде сөйлеген бейне-ролигіңізді көрдік. Қазақ тілі мәселесін шешуге депутат ретінде қалай атсалысасыз?

– Қазақ тілі – өте әуезді тіл. Маған қазақ тіліндегі әндерді тыңдаған ұнайды. Мемлекеттік тілді білу – әр азаматтың парызы. Қазақ тілі курстарының қолжетімді болуын және мәдени шаралар, яғни фильм, эстрада, театр қойылымдары арқылы тілді дәріптеу бойынша іс-шаралар жүргізілуін ұсынар едім. Қазіргі жастар үш тілді жақсы меңгерген: ағылшын және орыс тілін білу арқылы көршілермен және жалпы әлеммен қарым-қатынас жасау және қазақ халқының мәдени құндылықтарын ілгерілету оңайырақ болады.

– Сіздің жасыңыздағы, сіздің статусыңыздағы көп азамат Мәжіліс депутаты болуға талпынып жүр. Себебі де түсінікті. Жалақы да, лауазым да жоғары. Ал мәслихат депутаты – жалақы төленбейтін қоғамдық жұмыс. Бұл қызметке неге қызықтыңыз?

– Бұл менің саяси және қоғамдық қызметтегі алғашқы тәжірибем. Әскери адам ретінде  жоғары лауазымдарда жұмыс атқару үшін  төменнен бастауды жөн көрдім. Ең алдымен, елорданы азаматтардың тұруы үшін жақсы және жайлы еткім келеді. Яғни әр адам тіршілікті өз үйі, көшесі, ауданы, қаласынан бастауы керек. Содан кейін ғана  жаһандық мәселелермен айналысатын шығармын. Болашақта Сенатқа да үміткер болу жоспарымда бар.  

– Электорат өзге кандидаттарға емес, неге Сізге дауыс беру керек? Мәслихат депутаты ретінде қандай жұмыс атқармақсыз? Сайлауалды бағдарламаңыз қандай?

– Ең алдымен, азық-түлік бағасын төмендетуді жоспарлап отырмын. Бұл өте ауқымды жұмыс және өндірушіден соңғы тұтынушыға дейінгі ұзақ жеткізу тізбегінен тұрады. Біздің елімізде ауылшаруашылық алқаптары көп, кеңес заманында да Қазақстан КСРО-ның көп бөлігін ет, сүт және астықпен қамтамасыз еткен. Қазір неге Беларуссиядан және Ресейден сүт жеткізіледі?  Біздің фермерлеріміз жоқ па? Сондай-ақ Қазақстанның оңтүстік облыстарынан көкөніс мен жемістер бойынша аздаған шығындармен жылына екі дақыл өсіріп, бүкіл халықты, тіпті көрші елдерді де сапалы көкөністермен қамтамасыз етуге болады.

– Астана қаласында баспана мен жұмыссыздық проблемасы ушығып тұр. Сіз бұл проблемаларды қалай шешу керек деп ойлайсыз?

– Жаңа өндірістер ашу арқылы жұмыс орындарын құру маңызды. Мәселен,  жылыжайлар мен жұмыс орындары көбейсе, нұр үстіне нұр емес пе?  Халықты жаңа сұранысқа ие мамандықтарға қайта даярлау қажет. Қазір слесар, токарлар жетіспейді. Астананы газдандыруға байланысты газ жабдықтары бойынша мамандар тапшы.

—  Біздің Қазақстанда парламент депутаттары да, мәслихат депутаттары да сайлауға дейін халықтың алдынан шықпайды. БАҚ беттерінен түспейді. Сайлаудан өтіп алғаннан кейін кабинетінен шықпай отырады. Сіз қандай депутат боласыз?

– Халықтан шыққан депутат ретінде халықпен бірге боламын. Айына кемінде 2 рет өз сайлаушыларымен жеке кездесіп, 24/7 режимінде онлайн қабылдау бөлмесін ұйымдастырып, Астана тұрғындарының тілектерін, олардың сұрақтары мен ұсыныстарын тәулік бойы қабылдауға дайынмын. Қарапайым астаналықтардың өмір сүру салтын жақсарту үшін жұмыс жүргіземін.

Сіздің саяси ұстанымыз қызық болып тұр. Сіз консерваторсыз ба, демократсыз ба?

–Менің таңдауым – демократия, халықтың күші.

– Оңшылсыз ба, солшылсыз ба?

– Тепе-теңдік пен үйлесімділік тең деңгейде болғаны жөн. Бір бағытта немесе басқа бағытқа ауытқу жақсылық әкелмейді. Барлық пікір тыңдалып, ескерілгені жөн.

– Жаңа Қазақстандағы саяси өзгерістерге көңіліңіз тола ма? 

Иә, мен Президенттің іс-әрекеттеріне, оның жаңашылдықтарына ризамын және қойылған міндеттерді шешуде көмекші болғым келеді! Елорданың даму жолында пайдалы болу және кез келген істі атқаруға дайын болу – біздің парызымыз.

– Әлемде және Қазақстанда сіз үлгі тұтатын саясаткер кім?

–І Петрдің жаңашылдығы, оның жаңа өндірістер мен жаңа салаларды дамыту жөніндегі идеялары, оның теңіз флотының, индустрияның негізін қалауы – маған ерекше әсер етті. Ал Қазақстанды басқарған Дінмұхамед Қонаевтың парасаты бөлек еді. Менің балалық шағым оның  мемлекетті басқарған жылдарымен тұспа-тұс келді.   Мен  Торғай облысы Есіл ауданы Ақсай ауылында (қазіргі Ақмола) өстім. Қонаевтың тұсында Қазақстан экономикасының аграрлық секторы ең үздік көрсеткіштерге көтерілді. Кеңес Одағы бойынша ауыл мектебін бітіріп, Алматы шекара училищесіне емтихан тапсырып, еш қиындықсыз оқыдым. Қала балаларымен тең дәрежеде тамаша білім алдым. Д.Қонаев кезінде  Қазақстан КСРО-ның ең ірі экономикаларының үштігіне кірді, ал кейбір көрсеткіштер бойынша тіпті Ресей мен Украинадан асып түсті.  Аграрлық сектордың жанынан өнеркәсіптік өндіріс өсті, тек Астанада екі ірі зауыт болды. «Қазақсельмаш» және «Целинсельмаш» – қала құраушы кәсіпорындар болып саналды. Медеу мұз айдыны, Көктөбе телемұнарасы, Қазақстан қонақ үйі сияқты ірі  нысандар салынды.

Әскери адам ретінде көрнекті әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлын ерекше құрмет тұтамын. Оның қолбасшылық қасиеті ұнайды. Халықтың нағыз батыры және өз Отанының лайықты қорғаушысы бола білді. Ол қатал қолбасшы қана емес, сонымен қатар ақылды және білімді басшы болды. Кез келген әскери адам еліктеп өсуге лайық тұлға.

–Сұхбатыңызға Рахмет! Сайлауда сәттілік тілейміз. 

 Астана қаласы мәслихатына кандидат Назаровтың сайлау қорынан төленді.