Назарларыңызға кеше мәжіліс депутаттығына үміткерлер тізімінен шығарылған тәуелсіз журналист, алаштанушы Сұлтанхан Аққұлұлының сайлау комиссиясының шешімі туралы берген сұхбатын ұсынамыз.

СҰЛТАНХАН АҚҚҰЛҰЛЫ: Мемлекеттік департамент маған қып қызыл жала жауып отыр. Үлескер болып емес, құнын толығымен бір күнде төлеп, сатып алған пәтерімді салық деклорациясынан жасырдыңыз деп отыр. бұл олардың қиялынан шығып отыр. Саяси тапсырыс деп айтар едім. Осы күнге дейін мен ешқашан екі пәтерімнің барын ешкімнен жасырған емеспін. Адал еңбегіммен алған екі үйім де салық комитетінің есебінде тұр.

Тілші: Сіздің кандидаттығыңыз тіркелмей тұрып, жауапты департаменті Қазақстанда мүлкіңіздің бар жоғын сұраған бе еді?

СҰЛТАНХАН АҚҚҰЛҰЛЫ: Жоқ, сұраған жоқ. Олардың ондай сұрақ қоятын жөндері де жоқ қой. Себебі, Қазақстанның ішіндегі жылжитын, жылжымайтын мүлкімнің ешқайсысын жасыра алмаймын. Олардың барлығы мемлекеттік мекемелерде тіркелген. Бұл жерде әңгіме қысқа. Менің көзқарасым ресми биліктің ұстанымына қайшы болғандықтан осындай тапсырма беріліп отыр. Биліктегілер сын көзқарасқа төзе алмаса онда саясатта неге адасып жүр?

Тілші: Бұл оқиғадан басқа кедергілерге кезіктіңіз бе?

СҰЛТАНХАН АҚҚҰЛҰЛЫ:Үш күн бұрын қызық жағдай болды. Еуразия Ұлттық университетінің ректоры оқу ордасы саясаттан тыс болады деген принциппен кандидаттарға үгіт насихат жүргізуге тиым салыпты. Мұражайда да сондай жағдай болды. Ол жаққа да мәдениет, ішкі саясат басқармаларынан арнайы өкілдері келіп, мұражай территориясында ешқандай саяси үгіт насихат жүргізілмесін деп тапсырма беріп кетіпті.

Тілші: Сонда билік студенттер мен мұғалімдерді өздерінің жиналыстарына қуып тыққаны саясатқа араластыру емес пе екен?

СҰЛТАНХАН АҚҚҰЛҰЛЫ: Ол жағдай бұлардың естерінен шығып кетіпті.

Тілші: Бұған дейін сізге жоғары жақтан кандидатураңды алсаң, ақша береміз деген ұсыныс болды ма? Әлде қысым жасады ма?

СҰЛТАНХАН АҚҚҰЛҰЛЫ: Менің таныстарымнан сәлемдеме айтқандар болды. Сізге сайлауға түсудің қажеті жоқ. Өз еркіңізбен бас тартсаңыз, еңбектеріңізге қаржы бөлеміз депті. Әлихан Бөкейхановтың отыз томдығы, Қазақ газетінің жеті томдығын шығару үшін қаражат бөлеміз деген. Осы жұмыстарды қолдаңыздар деп үкіметке бұрын жіберген болатынмын. Осы күнге дейін үнсіз отырып,  енді келіп, сайлауға түсуден бас тартсаң, сол жобаларымды қолдаймыз депті. Мен Әлихан Бөкейхановтың әруағы үшін ондай арсыздыққа бармаймын, сатылмаймын деп жауап бердім. Жеңілсем де ашық күресте жеңілейін деп шештім. Жауырыным жерге тигенше күресіп өтетінімді айтқым келеді. Бұдан бөлек, екі партиядан ұсыныс түскен болатын. Олардан да бас тарттым. Себебі, партияның тізімімен өтетін болсам, мәжілісте партия бағдарламасынан асып, өзіме дауыс берген халықтың сөзін айта алмай қалатынымды білемін.