-16 C
Нур-Султан
-7.1 C
Алматы
1.3 C
Шымкент
-16 C
Нур-Султан
-7.1 C
Алматы
1.3 C
Шымкент

Шыршаны безендіру кезінде жазым болған мұғалім ісі бойынша әкім орынбасары тергеуге алынды

Семей қаласы әкімінің орынбасары Арайбек Хамзаев мұғалімнің шыршаны безендіру кезінде құлап жарақат алған ісі бойынша күдікті деп танылды.

21 желтоқсан 2024 жылы Семей қаласының орталық алаңында шыршаны безендіріп жатқан мектеп мұғалімі Қуат Айтқалиев биіктен құлап, ауыр жарақат алды.

«Қ. Айтқалиевтің жарақат алуына байланысты қала полициясы «билікті немесе қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану, ауыр зардаптарға әкеп соғу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Тергеу 2024 жылдың 22 желтоқсанында басталды. Тергеу барысында қала әкімінің орынбасары А. Хамзаев күдікті деп танылды. Ол мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тартуға жол берген (27 желтоқсан 2024 жылы). Сотқа дейінгі тергеу прокуратураның бақылауында», — деп хабарлады бас прокурор Берік Асылов.

Сотқа дейінгі тергеуден бөлек, полицияға жұмыс берушіге қатысты шара қолдану үшін жазатайым оқиға бойынша тексеру актісі тапсырылды.

Сондай-ақ №19 және №40 мектеп директорлары заңсыз түрде басқа педагогтарды (барлығы 5 адам) жұмысқа тартқаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оларға сөгіс жарияланды. Қалалық білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды.

Бұдан бөлек, Абай облысының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті білім беру мекемелерінің басшыларын ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 409-бабының 7-3 тармағы, 1-тармақшасы бойынша (педагогтарды заңда көзделген жағдайлардан басқа, кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тарту) әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департаменті де жазатайым оқиғаға арнайы тергеу жүргізіп, Айтқалиевтің жарақат алуына жұмыс берушінің 100% кінәлі екенін анықтады.

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар