-11 C
Нур-Султан
-6.1 C
Алматы
-4.7 C
Шымкент
-11 C
Нур-Султан
-6.1 C
Алматы
-4.7 C
Шымкент

«Қарызсыз қоғам» жобасы: қаржылық сауаттылықтың жаңа деңгейі

 

Бүгін Астанада еліміздегі ең өзекті жобалардың бірі – «Қарызсыз қоғамның» жүзеге асырылу нәтижелері талқыланды. Жобаның арқасында биыл 780 мың қазақстандық өз қаржылық сауаттылығын арттырды.

Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов қатысушылармен кездесу барысында қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы елдегі жаңа саяси мәдениеттің жарқын үлгісі болғанын атап өтті. Оның айтуынша, жобаға партия, парламент, үкімет, жергілікті билік органдары мен қаржы секторы өкілдері бірлесе күш жұмсауда.

«Қоғамдағы жоғары қарыздық жүктеме өзекті мәселеге айналды. Бұл жағдайды шешу үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүйелі шаралар қабылдауда. Президент тапсырмасымен жеке тұлғалардың банкроттығы туралы және несиелендірудегі тәуекелдерді азайтуға бағытталған заңдар қабылданды. Сондай-ақ бес жыл бұрын 500 мың адамға арналған бір реттік несие амнистиясы жарияланды», – деді Ерлан Қошанов.

Алайда, оның айтуынша, мәселенің түпкі себебімен күресу маңызды. «AMANAT» партиясы осы мақсатта «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алып, оның тиімділігі Мемлекет басшысы тарапынан жоғары бағаланды.

«Бұл жоба партиялық деңгейден жалпыұлттық жобаға айналды. Біз қоғам мәдениетін өзгертуді, азаматтарды өз мәселелерін өздері шешуге, жауапкершілік алуға үйретуді мақсат етеміз. Осылайша, еліміздің азаматтары адал еңбек етіп, жетістіктерге қол жеткізе алады», – деді мәжіліс спикері.

Бүгінгі таңда жоба аясында елдің барлық өңірінде 180 мыңнан астам адам оқытылды. Қатысушылардың 40%-ы қарыз жүктемесін азайтса, 70%-ы ай сайынғы төлемдерін төмендетті, ал 41%-ы жалпы несие санын қысқартты.

Жазғы демалыс кезінде мектеп, колледж және ЖОО-ның 7,5 мың мұғаліміне қаржылық сауаттылықты үйрету әдістемесі оқытылды. Сонымен қатар, биыл 500 мыңнан астам оқушы мен 100 мың студент қаржылық сауаттылық бойынша білім алды.

«AMANAT» партиясы жобаны кеңейту бағытында интернет-алаяқтықпен күрес, мемлекеттің кәсіпкерлікті, тұрғын үй және білім беруді қолдауға арналған қаржылық құралдарын үйрету сияқты жаңа бағыттарға басымдық беруді көздеп отыр.

Үкімет тарапынан бұл жобаға ерекше көңіл бөлінеді. Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, студенттер мен оқушыларды қаржылық сауаттылыққа және кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жалғасын табады.

Жоба серіктестерінің бірі – Halyk Bank. Банк басшысы Үміт Шаяхметова қаржылық сауаттылық деңгейі жоғары қоғам құру маңызды екенін және банктің жобаны қаржыландырып қана қоймай, оны іске асыруға белсене қатысып жатқанын айтты.

«Біз үшін бұл жоба тек қаржылық сауаттылықты арттыру емес, елдің экономикалық белсенді және қаржылық тұрақты қоғамын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам», – деді Үміт Шаяхметова.

Жобаны жүзеге асыруға 12 коммерциялық банк пен 11 мемлекеттік орган қатысады. Қатысушылар үшін qogamfin.kz онлайн-платформасы әзірленді. Бұл сайт арқылы оқуға жазылып, қажетті материалдар мен бейнесабақтарды жүктеуге болады.

Бұл жүйелі, командалық жұмыстың нәтижесінде, мәселен, проблемалық несиелер деңгейі 18%-дан 7%-ға дейін төмендеген. Бұл – Қазақстанды Әділетті мемлекетке айналдыру жолындағы маңызды қадам.

Фото: Amanatpartiasy.kz

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар