8 C
Нур-Султан
11 C
Алматы
15.3 C
Шымкент
8 C
Нур-Султан
11 C
Алматы
15.3 C
Шымкент

Ақтөбеде студенттерге қатысты жанжалдан кейін Қазақ-Ресей халықаралық университеті жабылып жатыр

Себептердің бірі – студенттердің 90 пайызы сабақтарға қатыспағаны. Бұл деректі министрліктің тексерісі анықтаған, деп жазды ratel.kz сайты.

Қазақ-Ресей халықаралық университетінің (ҚРХУ) студенттеріне мынадай хабарламалар жіберілуде:

“Осы хатпен сізге ТОО «МВУЗ ҚРХУ» 2024-2025 оқу жылының соңында өз қызметін тоқтататынын хабарлаймыз. Бұған себеп – студенттердің 90 пайызы сабаққа қатыспауы және ішкі бақылау нәтижелері. Университеттегі оқу процесі 2024-2025 оқу жылының соңында толығымен тоқтайтынына байланысты, басқа ЖОО-ға ресми түрде ауысу қажеттігін ескертеміз. Ағымдағы семестр аяқталған соң, 2025-2026 оқу жылының басынан бастап таңдалған университеттерде оқуды жалғастырыңыздар…”

Университет басшылығы бұл ақпаратты өкінішпен растады:

– Иә, бұл рас. Тексеріс нәтижесінде студенттердің 90 пайызы сабаққа қатыспайтыны анықталды. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігінің комиссиясы оқытушылар құрамының санына байланысты сұрақтар қойды. Бір мәселе екінші мәселені ашты. Соңында университеттің иелері бұл бизнесті жабу туралы шешім қабылдады. Студенттер басқа университеттерге ауыстырылады, ешкім далада қалмайды, – деп түсіндірді ҚРХУ-дың оқу бөлімі.

Оқу орнының жабылуына қатысты толық ақпарат Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің ресми қаулысы шыққаннан кейін беріледі деп күтілуде. Бұл мамыр айында болады.

ҚРХУ осы жылдың сәуірінде үлкен жанжалдың ортасында қалды, оны көпшілік университеттің жабылуымен байланыстырады. Сол кезде университет 350 студентті оқу ақысын төлемегені және жүйелі түрде сабақтарды босатқандығы үшін оқудан шығарған. Студенттер наразылық білдіріп, дау шығарды. Университетке Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің комиссиясы келді. Министрлік комиссиясы 350 студентті оқудан шығару заңсыз деп таныды.

Белгілі болғандай, оқудан шығару туралы бұйрық 2025 жылдың 18 наурызында қол қойылған. Министрлік бұйрығына сәйкес, студент оқудан шығарылған кезде оның мәртебесі жоғары білім беру жүйесінде өзгертілуі тиіс еді, бірақ бұл жасалмаған. Тағы бір заңбұзушылық – бұйрық тек орыс тілінде жазылған. Сонымен қатар, университет пен студент арасындағы келісімшартта «сабақты 40 сағат босату» оқудан шығару себебі ретінде көрсетілген, ал университеттің ішкі ережелерінде «60 сағат» деп жазылған.

Министрлік өкілдері студенттердің оқудан шығарылуымен айналыса отырып, университеттің жалпы қызметін тексерді.

2022 жылы да ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ҚРХУ-ды тексерген болатын. Сол кезде де көптеген өрескел заңбұзушылықтар анықталған.

Оқу орны тексеру парағының 46 тармағының 32-сін бұзған. Тексеріс нәтижесі көрсеткендей, дәрістерді біліктілік талаптарына сай келмейтін оқытушылар оқыған. Мысалы, «Әуе көлігін пайдалану» мамандығы бойынша базалық білімі бар оқытушы «Мектепке дейінгі білім берудегі инновациялық технологиялар» және «Бастауыш мектептегі тәрбиелік жұмыс теориясы мен әдістемесі» пәндерін жүргізген. Ал дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы музыкалық өнер теориясы мен әдістемесі бойынша сабақ берген. Кейбір оқу кабинеттерінің ауданы санитарлық нормаларға сәйкес болмаған.

Қазіргі таңда ҚРХУ-да 17 мамандық бойынша екі мыңнан астам студент оқиды. Бір кездері осы оқу орнында “Қаржы” мамандығы бойынша Қостанай облысының бұрынғы әкімі Архимед Мұхамбетов диплом алған.

ҚРХУ – Қазақстанның батыс өңіріндегі алғашқы халықаралық мемлекеттік емес университет. Ол 1994 жылы Темерхан Бердімуратовтың бастамасымен құрылған.

Фото: kriu.edu.kz.

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар