Сенбі күні таңертең Эстония, Латвия және Литва Ресей мен Беларусьпен ортақ энергетикалық жүйеден, яғни БРЭЛЛ деп аталатын электр желісі сақинасынан ажырады. Бұл туралы Латвияның Климат және энергетика министрлігі хабарлады.
Латвиялық Augstsprieguma tīkls кәсіпорнының мәліметінше, ажырату сәтті өтті. Олардың сайтында көрсетілгендей, Латвия электр желілерінде ешқандай мәселе анықталмаған.
Эстонияның Elering энергетикалық компаниясының хабарлауынша, Балтық елдерінің энергожүйелері әзірге автономды режимде жұмыс істеп тұр. Эстония, Латвия және Литва электр энергиясын тасымалдау жүйелерінің операторлары Еуропаның континенттік желісімен синхрондалу алдында оқшауланған сынақ жүргізуде. 9 ақпан кешінде олар Еуропалық энергетикалық жүйеге қосылады.
Ажыратуға дайындық 2009 жылдан бері жүргізілген, алайда Ресейдің Украинаға басып кіруі бұл процесті жеделдетті. 7 ақпанда БРЭЛЛ келісімінің мерзімі аяқталып, оны ұзартпау туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар, Калининград облысының энергетикалық кешені де автономды жұмысқа көшкенін аймақ губернаторы Алексей Беспрозванных хабарлады.