25 C
Нур-Султан
33 C
Алматы
35.3 C
Шымкент
25 C
Нур-Султан
33 C
Алматы
35.3 C
Шымкент

Аягүл Миразова:Тәрбие мен білім құрыған жерде мемлекеттің құлдырауы оңай

 

Аягүл Миразова,
ардагер ұстаз, Қазақстанның Еңбек ері:

— «Азамат жетім болмайды, Халықтан болса панасы. Халық жетім болмайды, басшы болса данасы» деген бабалар тағылымының дұрыстығына қаңтар оқиғасы кезінде анық көз жеткіздік. Шынында осы оқиға кезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің нағыз дипломат екенін, ертеңгі ойлап шешім қабылдайтынын көрсетті.
«Қаңтар қақтығысы» бәріміздің төбемізден жай түскендей әсер еткен оқиғалардың бірі болды. Бұл оқиға жалғыз мен ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының жүрегін ауыртып, санасын селт еткізді. Елдің бәрі жылды қорытындылап, тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына марқайып жүргенде, мына жағдай кәдімгідей есеңгіретіп, күйзеліске ұшыратты десем артық айтқаным болмас. Бейбіт басталған шерудің соңы бүлікке ұласады деп ешкім күткен жоқ. Жылдар бойы қалыптасқан, көркейген, бәріміздің арманымызға қанат бітірген Алматының отқа оранып, қирап, тоналуы жанымызды жүдетті. Арандатушылардың айтағына еріп, өз арамыздан шыққан ұл-қыздарымыздың бұзақылыққа қатысуы кімге болсын ой салмай қоймайды. Мұндай әрекет ата-бабамыз аңсап жеткен тәуелсіздікті аяқ асты ететінін көпшіліктің елемегені өкінішті. Әділдікке осындай жолмен, яғни өзгенің мүлкін бүлдіріп, қиратып немесе қантөгіс арқылы жету мүмкін емес. Жақсы күнге жетеміз деп, керісінше қиындық үстіне қиындық жамаған сияқтымыз. Бұдан зардап шегетін қарапайым халық, құлдырайтын өз еліміздің экономикасы. Бір мезетте еліміздің әр қаласынан көтерілісшілердің шығуы және Қазақстанымыздың жүрегі, әсем қаламыз Алматының бүліктің орталығына айналуы, әрине бәрімізді ойлантуы тиіс. Таразыға салып, талқылап, саралап көруіміз қажет.
Әр ата-ана қашанда өз баласының рухани дамығанын, тәрбиесі мен білімінің ұштасқанын, бауырмал және саналы болғанын қалайды. Ешкім ұрпағына басқаның мүлкін бүлдір, зорлық-зомбылық жаса, болмаса әлімжеттік жасап, тонап кет деп үйретпейтіні анық. Өкінішке орай содырлардың соңынан ілесіп, қаншама ананың көз жасына қалып жатқандар бар. Келешекте осыны болдырмауды, яғни осындай жағдайлардың алдын алуды ойлауымыз керек. Бұл мақсатта атқарылатын жұмыстар ұшан-теңіз. Ол үшін бүкіл ұлт болып, мемлекет болып, халық болып жұмыс жасауымыз керек. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың елдің ертеңі үшін қолға алып жатқан бастамаларының айналасына топтаса білуіміз керек.
Осы тұрғыдан алғанда Президентіміз көптеген тапсырмалар берді, соның ішінде, оқулықтарды, оқу бағдарламаларын қайта қарауды ұсынды. Мемлекет басшысының жастар тәрбиесіне көңіл аударуы құптарлық. Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген қанатты сөзі осындайда еріксіз еске оралады. Дей тұрғанмен, бұл оқиғаның тереңіне бойлап, зерттеу жүргізуге менің әлі де болса дәтім бармайды, бұлыңғыр әлемге кіріп кеткендей боламын. Бұл бір күннің немесе бір айдың тірлігі емес, қайдан келді, қалай келді, кім әкелді деген сынды сұрақтар өте көп. Зерттеулер әлі жүргізіліп жатыр ғой, тек шынайы болып, шын кінәлілер жазаланса екен деймін. Қандай кінә болса да, өзімізден-ау деп ойлаймын кейде. Дұрыс тәрбие берілмесе, бұған да кінәлі өзіміз. Жастардың бойына патриоттық сезімді қондыра алмасақ, бұл да біздің кінәміз. Қазақ айтады ғой, «көршіңді ұры тұтпа, өзіңе-өзің мықты бол» деп. Сол айтқандай, мен біреуді кінәлаудан аулақпын. Іштен шыққан жаудың жаман екендігін ескерсек, жастарымыз осындай іске барды дегенді ойлаудың өзі қорқынышты. Ұлды ұлша тәрбиелесең ұл болады, құлша тәрбиелесің құл болатынын ұмытпағанымыз абзал-ау. Енді бұл тұрғыдан келгенде жастар арасында тәрбиелік, педагогикалық-әдістемелік жұмыстар көптеп жүргізілуі керек сияқты.
Президентіміз Ұлттық болмыс мәселесіне де терең ден қойып отыр. Білім туралы заңда, егер байқасаңыз, ата-ананың, оқушының және мұғалімнің құқықтары мен міндеттері айтылады. Бірақ, құқығын тым көтере сипаттап, міндеттерін баса айтуды ұмытып кететіндей. Кешегі жағдай әр адам өз міндетін дұрыс атқара алмағандықтан, бұл ата-анаға да, балаға да, тіпті мұғалімге де қатысты, орын алып отыр. Мысалы Өзбекстанның заңына қарайтын болсақ, ата-ана бала өмірге келген күннен бастап оған ат қою, бағып-қағумен қатар жүктелетін міндеттері өте көп. Соны санасына құйып өскен бала кішкентай кезінен бастап әр жасаған ісіне жауапты қарап, мемлекет мүлкін бүлдірмейді, зақымдамайды. Қазір біздер баланы шектен тыс мақтау мен еркелетудің нәтижесінде осындай күйге жеттік. Құқығымызды біліп, міндеттерімізге мән бермейтін дәрежеге жеттік. Қоғам саясатқа тым араласқыш болып кетті, еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін, білсін білмесін, айтатыны саясат, үкіметті жамандау, өзіміздің алтынымызды алтын демей, басқанікін жоғары қою, тілге деген құрметтің төмендеуі, салт пен дәстүрді дәріптемеуіміздің салдары кешегі бүлікпен аяқталды. Талапты заңмен қоя білуіміз керек, баланың жас кезінен соны миына сіңіріп өсуіне жағдай жасап бергенімізде, мұндай бассыздықтарға жол берілмейтін еді.
Үш тілділік заман талабы екенін білеміз, бірақ «өзге тілдің бәрін біліп, өз тіліңді шын құрметтеу» керек екендігін ұрпақ бойына сіңіруіміз керек. Сөз құдіретін түсіне білуге шақырғанымыз жөн. Сөз ұқпаған адамға тәрбие де, білім де қонбайды. Бала кез-келген нәрсені сол сәтте қағып алып, қабылдайды, қазір ақпарат өте көп. Ұлылар қалдырған ұлағатты сөзден гөрі, бос әңгімеге құмармыз, еліріп тұрамыз. Қанатты сөздерді керек қылмайтын дәрежеге жеттік шындығында. Тәрбие мен білім құрыған жерде, мемлекеттің құлдырауы оңай. Демократия деген ойыңа келгенді айту деген сөз емес, тілге абай болуымыз керек.
Алла тағала елімізге шыдамдылық пен төзімділік берсін. Дегенмен кешегі бүліктің кесірінен өз күнін әрең көріп отырған қарапайым қаншама адамның еңбегі далаға кетті. Зар жылап жүргендері қаншама? Бейбіт шеруді бүлікке айналдырғандар өзін кінәлі санап, әттеген-ай дей ме екен? Сұрақ осы, әділдік орнап, жазықсыздар босатылып, кінәлілер жазасын алса екен деймін. Халықтың маңдай терімен жасалған дүниелердің бүлінуі, қаншама жазықсыз қанның төгілуі, қабырғамызды қайыстырды. Тапа-тал түсте, елін қорғаймын деп жүрген құқық қорғау органдарының өкілдерін өлтіріп кетуі жаныма батты. Ол да бір ананың баласы ғой. Жүректі сыздататыны осы…
Ендігі жерде ел мұңын, халық пікірін ескере отырып Мемлекет басшысы жаңғырған Жаңа Қазақстанды қалыптастырады деп сенемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, ұрпағымыз саналы болса екен деймін.

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар