Ақпараттық қауіпсіздік комитеті ҚР Сыртқы істер министрлігінде ресейлік кибершабуылға байланысты жоспардан тыс тексеру жүргізеді.
Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, хакерлердің шабуылы туралы мамандар бұрыннан хабардар болған. Алайда тексеру жүргізу туралы шешім тек Sekoia компаниясының осы киберинцидентке қатысты есебі желіге тарағаннан кейін қабылданды.
«Мемлекеттік техникалық қызмет қорғаныс жағдайын мониторингтеу аясында 2023 жылдың екінші жартысынан бері ҚР СІМ-ге CherrySpy және Hatvibe файлдарын қолдану арқылы жасалған кибершабуылдарды тіркеп келеді», – делінген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің (ЦДИАӨМ) жауабында.
Өткен жылы Мемлекеттік техникалық қызмет (МТҚ) пен ЦДИАӨМ СІМ-нің техникалық қорғаныс деңгейін тексерген болатын.
«Ақпараттық қорғауды күшейту мақсатында барлық жұмыс станцияларына ақпараттық қауіпсіздік жүйесі (АҚЖ) орнатылады. Ақпараттық жүйелердің қауіпсіздік деңгейі тұрақты түрде бақыланып, бағдарламалық жасақтамалар жүйелі түрде жаңартылып, кибершабуылдарға төзімділік артып келеді», – деп мәлімдеді ЦДИАӨМ.
Sekoia компаниясы бұл шабуылға Ресейдің қатысы бар деп болжағанымен, ведомство мұндай тұжырым жасау ертерек екенін атап өтті.
Ал СІМ «Орда» басылымының ресми сауалына жауап бермей, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету (өздерінің де қауіпсіздігін) олардың құзыретіне кірмейтінін мәлімдеді.
Бұған дейін Мемлекеттік техникалық қызмет Путиннің Астанаға сапары күні хакерлік шабуылдың болғанын растаған еді.