84 жастағы Аққоян Рсалиев пен 21 жастағы Нұрбол Ахмади 21 км қашықтықты бағындыруға тырысып, жарысқа тұрақты түрде қатысып жүрген спортшылар болатын.
Аққоян Рсалиев 2021 жылдан бері түрлі жүгіру жарыстарына үздіксіз қатысып келген. Ол Almaty Half Marathon және Almaty Marathon шараларында 21,1 км және 10 км қашықтықтарды сәтті еңсерген. Бүгін жарыстың алғашқы шақырымында, Әл-Фараби даңғылы бойында өзін кенеттен жайсыз сезінген. Бір минуттан соң келген жедел жәрдем қызметі ер адамның жүрек соғысын тіркей алмады.
«Алдын ала болжам — өкпе артериясының тромбоэмболиясы. Созылмалы артериялық гипертония болған», — деді 2/51 бригадасының дәрігері Әлібек Хожаназаров.
Екінші марқұм — Нұрбол Ахмади — бұған дейін Winter Run 2025 жарысында 10 км қашықтыққа жүгіріп, Астана мен Алматыдағы жартылай марафонға, сондай-ақ оңтүстік астанада өтетін марафонға тіркелген болатын. Бүгінгі жарыста 16 км жерге жеткенде есінен танып қалған. Оқиға орнына жеткен дәрігерлер реанимациялық шаралар жүргізгенімен, нәтиже болмады — ол жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған.
Дәрігерлердің айтуынша, спортшылардың нақты өліміне не себеп болғаны сот-медициналық сараптама нәтижесінде анықталады. Қорытынды жақын арада туыстарына хабарланады.