Астанада ресейлік тараптың Қазақстанның мұнай-газ кен орындарын игеруге және электр энергетикасы жобаларына қатысуын кеңейту мүмкіндігі талқыланды.
Бұл мәселені ҚР Энергетика вице-министрлері Сұңғат Есімханов пен Ерлан Ақкенженов Ресей Федерациясының Энергетика министрінің орынбасары Роман Маршавинмен бірге талқылады.
Кездесуде мұнай, мұнай өнімдері мен мұнай-химия өнімдерін жеткізу және осы энергетикалық ресурстарды транзиттеу саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.
2021 жылы ресейлік «Лукойл» және қазақстандық «ҚазМұнайГаз» Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы ірі «Қаламқас-теңіз» жобасы бойынша негізгі қағидаттар туралы міндетті келісімге қол қойған болатын.
Қазіргі жоспарға сәйкес, теңіз платформаларын салу бойынша жұмыстар 2026 жылы Қазақстандағы кеме жасау зауыттарында басталады, бұл «Қаламқас-теңіз» кен орнында мұнай өндіруді тезірек бастауға мүмкіндік береді. Жобаға алты миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тарту жоспарлануда, деп жазады ТАСС.