Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының басшысы Айжан Есмағамбетова метапневмовирус таралуына байланысты Қазақстанда карантин енгізу жоспарланып-жоспарланбайтыны туралы түсініктеме берді.
Айтуынша, эпидемиологиялық маусымның қызған кезі болғанымен, Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
«Қазіргі таңда біз эпидемиологиялық маусымның қызған кезеңіндеміз. Өткен жылмен салыстырғанда аурушаңдық 20 пайызға төмен. Әдетте қаңтар айында аурушаңдық деңгейі көтеріліп, ақпан айының ортасына қарай төмендеу байқалады. Қазіргі уақытта карантиндік немесе шектеу шараларын енгізуге ешқандай негіз жоқ. Біз аурушаңдық пен вирус айналымын күнделікті бақылауда ұстаймыз», – деді ол Facebook парақшасында жарияланған видеода.
Есмағамбетованың айтуынша, дені сау, иммунитеті мықты адамдарда вирус симптомсыз өтуі мүмкін.
«Аурудың өзі емес, оның асқынулары қауіпті. Метапневмовирус та осыған кіреді, оның асқынулары ретінде пневмония, отит және тыныс алу органдарына қатысты басқа да мәселелер болуы мүмкін», – деп түсіндірді орталық басшысы.
Сонымен қатар, ол қазақстандықтарға адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болуды, маска тағуды және үй-жайларды жиі желдетуді ұсынды.
«Вирустың тез таралмауы және ауру жұқтырғандардың саны көбеймес үшін тағы бір маңызды ұсыныс: ЖРВИ белгілері бар балаларды балабақшаға немесе мектепке жібермеген жөн. Себебі инфекцияны отбасыға балалар әкеліп, ата-аналарын, ата-әжелерін қауіпке ұшыратады», – деді Есмағамбетова.
Метапневмовирус дегеніміз не?
Метапневмовирус (HMPV) – тыныс алу жолдарын зақымдайтын және өкпенің жоғарғы және төменгі бөліктерінің қабынуын тудыратын вирус. Ол алғаш рет 2001 жылы Нидерландыда анықталғанымен, кейбір деректер бойынша, 1950 жылдардан бастап адам арасында таралған.
Еске салсақ, желтоқсан айының соңында Қытайда метапневмовирус індеті тіркелген болатын. Қытайдың ауруларды бақылау және алдын алу басқармасының деректері бойынша, бұл вирус тұмаудан кейінгі екінші орынға шыққан.
Қазақстанда білім беру мекемелерінде шектеу шаралары енгізіле ме деген сұраққа бұған дейін Оқу-ағарту министрі жауап берген болатын.