Росавиация басшысы Дмитрий Ядров ұшақ апатына қатысты мәлімдеме жасады.
Оның айтуынша, Әзербайжан әуе жолдарына тиесілі ұшақ Грозныйға қонуға екі рет әрекет жасаған. Ол кезде әуежай аумағында қалың тұман тұрған және Украин дрондары шабуылына қарсы «Ковер» операциясы болып жатқан. Ресей тарапы басқа кез келген әуежайға қонуға рұқсат берген, бірақ ұшқыштар Ақтауды таңдаған.
Росавиация бұған дейін ұшақ құстарға соғылып, соның салдарынан апатқа ұшырауы мүмкін дер мәлімдеген. Алайда, әлемдік БАҚ пен Әзербайжан БАҚ-тары ұшақ Ресейдің дрон шабуылына қарсы әрекеті кезінде шабуыл аймағында болып, атылған деп мәлімдеген еді.
Росавиация бүгінгі мәлімдемесімен дронға қарсы Грозныйда операция болғанын растап, бұрын айтқан «құстардың кесірі» нұсқасы өтірік екенін мойындады деп айтуға болады.
Бұған дейін Ресей өз аумағындағы әуежайларға ұшақтың қонуына рұқсат бермегені айтылған. Ал Ядров оны жоққа шығарып отыр.