Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың өмірден өтуіне байланысты орны толмас ауыр қайғыға ортақтасып, отбасы мен ағайын-туыстарына көңіл айтты.

«Бердібек Машбекұлы сан түрлі салада еңбек етіп, 45 жылдан астам уақыт мемлекеттік қызметте еліміздің өркендеуіне қомақты үлес қосты. Тәуелсіздікті нығайту жолында қатардағы экономистен ҚР Премьер-министрінің орынбасарына дейінгі лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Әрдайым жауапты қызметтің тұтқасын ұстап, қысылтаяң уақытта да жүктелген күрделі міндетті тиянақты орындап, елдің сенімінен шыға білді», — делінген жеделхатта.

Ерболат Досаев Бердібек Сапарбаевтың жарқын бейнесі халықтың жүрегінде мәңгі сақталатына сенім білдірді.