Семей орманындағы өртті сөндіруге жұмылдырылған 3 маман қаза тапқаны белігілі болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге осы оқиғаға байланысты шұғыл тапсырма берілгені хабарланды.

«Абай облысындағы алапат өртке байланысты Президент Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге оқиға орнына жедел барып, өрт сөндіру жұмыстарын басқару міндетін жүктеді. Үкіметке және Абай облысының әкімдігіне қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына барлық қажет көмекті көрсету тапсырылды.

ТЖМ мәліметіне сәйкес, орман шаруашылығының үш қызметкері қаза тапты, тағы 11 қызметкер іздестіріліп жатыр», — делінген Ақорда хабарламасында.

Дәл қазір Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.

«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында (Батпаев орман шаруашылы 66, 67, 55, және 42-кварталдар) өрттің тұтануына байланысты Семей қаласының аумағында жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жариялансын», — делінген Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатовтың шешімінде.

Естеріңізге сала кетейік, төтенше оқиға  “Семей орманы” аумағында өрт кеше тұтанған болатын. Резерват аумағындағы бұған дейін де мұндай оқиға қайталанған.

22 мамырда Алтай өлкесінің аумағындағы Новенькое ауылының маңында құрғақ шөптің жануы салдарынан «Семей орманы» МОТР аумағында орман өртенген болатын.

Өртпен 800-ден астам адам, 10 тікұшақ бірнеше күн бойы арпалысты.

Апатқа байланысты Бородулиха ауданында төтенше жағдай режимі жарияланды.