10 C
Нур-Султан
14 C
Алматы
17.3 C
Шымкент
10 C
Нур-Султан
14 C
Алматы
17.3 C
Шымкент

Назарбаев университетінің қаржысы тексеріледі

Жыл сайын бюджеттен миллиардтаған шығын бөлінетін Назарбаев университетінің қаржысы тексеріледі. Бұл жөнінде ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Астанада өтіп жатқан халықаралық форум кулуарында мәлімдеді. Оның айтуынша, дегенмен университетті қаржыландыру тәртібі өзгермейді.

«Кадрлардан айырылып қалуға болмайды. Заманауи зертханалар бар. Қаржыландыру тәртібі бұрынғыша қалады. Алайда бізге талдау жүргізу керек. Оның нәтижесіне қарай шешім қабылдаймыз. Басшылық ауысып жатқанын білесіз. Конкурс жарияланды. Осы конкурс негізінде басшылық тағайындалады, сосын талдау жасаймыз» деді министр. Оның сөзінен үзіндіні Ulysmedia.kz сайты келтірді.

Назарбаев университеті төңірегіндегі өзгерістерге тоқталған министр «басты мақсат – оқу орнының әлеуетін сақтап, жаңа ғылыми деңгейге жеткізу» деді.

«Назарбаев университеті туралы заңға өзгерістер енгізіледі. Үкіметтің, біздің министрліктің көздегені – ғылымға ден қою. Университетте өте мықты тоғыз зертхана бар. Онда өте білімді профессорлар мен оқытушылар жұмыс істейді. Бүгінде ЖОО мақалалар мен ғылыми жарияланымдар бойынша жоғары деңгейде. Бірақ қолданбалы, салалық зерттеулер көп емес. Біздің ұлттық, салалық компанияларға қолданылатын үлес әлі де аз» деді министр.

Кейінгі кезде Назарбаев университетіне қатысты сын жиі айтыла бастаған. Мамырдың ортасында үкімет сағатында кейбір мәжіліс депутаттары «мемлекет миллиардтап қаржы құйса да, университет бұл шығынды ақтамай отырғанын» айтқан. Сол кезде Назарбаев университетіне 2020 жылы 7 млрд 600 млн, 2021 жылы 7 млрд 21 млн, 2022 жылы 2 млрд 154 млн теңге қаржы бөлінгені айтылды. Ал Назарбаев университетінің ғылыми әкімшілік директоры Асанбай Жұмабеков сол кезде қазіргі таңда оқу орны 300-ден астам ғылыми жобаны жүзеге асырып жатқанын, университеттің жетістіктері жөнінде айтуға даяр екенін мәлімдеген.

Былтыр жыл соңында университет басшысы Шигео Катсу ақпарат құралдарына «Назарбаев университетіне мемлекет шамамен 60 млрд теңге жұмсаған, бірақ қаржыландыру алдағы уақытта 25-30 пайызға азаяды» деген еді.

«Назарбаев университеті неге әлемдегі ең мықты университеттердің рейтингісінде алдыңғы орындарда тұрған жоқ?» деген сұраққа университет басшысы рейтингілердің алғашқы орындарын іргетасы жүздеген жыл бұрын қаланған университеттер бермейтінін, университет рейтингіні түзетін агенттіктерге барлық тиісті мәліметті беріп отырғанын айтқан.

Назарбаев университеті бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2010 жылы ашылған. Қаңтар оқиғасынан кейін елде экс-президенттің ықпалы әлсірей бастағаны байқалған.

Азаттық радиолы

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар