Бүйрек саудасын заңдастыру қажет. Осындай ұсынысты Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова көтерді. Мәжілісменнің мәліметі бойынша, бүгінгі таңда елімізде бүйрек трансплантациясына зәру 4 мыңға таяу науқас бар. Ал былтыр 320 адам кезегін күтпестен ақтық демі үзілген. Олардың басым бөлігі 18-35 жас аралығындағы азаматтар. Гүлдара Нұрымова, Мәжіліс депутаты: — Қазіргі таңда республикада 6 трансплантация орталығы жұмыс істейді. Елімізде жүрек, бауыр, өкпе, ұйқы безі, бүйрек және қасаң қабық трансплантациясы жүргізіледі. Егер тірі донорлардан трансплантация саны 25 пайызға артқан. Ал туыс емес донорлардың органын алу үшін қазақстандықтар шетелдік клиникаларға баруға мәжбүр. Мысалы, Беларусьте жүрек ауыстыру құны 150 мың доллар, бауыр 140 мың доллар, ал бүйрек 50 мың доллар тұрады. Бізде тек туыстар ғана бір-біріне донор бола алады. Депутаттың сөзінше, саланың дамуын тежеп тұрған да осы. Ал біз бұл проблеманы бір жолға қойғанша, сол аралықта өрімдей жастар өмірімен қош айтысып жатыр дейді мәжілісмен. Денсаулық сақтау министрлігінің де жауабы көп күттірген жоқ. Мамандардың сөзінше, ағза саудасына рұқсат берудің салдары тым сорақы болуы мүмкін. Адамдар кәсіби емес, қауіпті операциялардың құрбаны болуымен қатар, қарызынан құтылуды көздегендер денсаулығын тәуекелге тігіп, бүйрегі мен бауырынан саналы түрде бас тартуы ғажап емес. Сәуле Шайсұлтанова, ҚР ДСМ Транспланттауды үйлестіру және жоғары технологиялық медициналық қызмет жөніндегі республикалық орталықтың директоры: — Бірнеше қиындық күтілуі мүмкін. Өйткені халықтың материалдық жағдайы төмен болса, мүмкін сатуға шешім қабылдайтын шығар. Ол кезде ең алдымен өзінің денсаулығын ойлауы керек. Тірі донорлар бір бүйрегін беретін болған кезде, олар барлық медициналық зерттеуден өтеді. Егер донорлыққа қарсы болса, онда донор бола алмайды. Елордалық Анар Шаймергенова донор іздеудің тауқыметін бір кісідей біледі. Өздігінен дәрет сындыра алмау, күніге арнайы аппаратқа тәуелді болу өз алдына, қаршадай қыз ертеңгі күнді көремін бе, жоқ па деген күдіктің жетегінде бірнеше жыл өмір сүрген. Әйтеуір он ай бұрын операциясы сәтті өтті. Қазір қоғамда талқыланып жатқан осы мәселеге алаңдаулы. Себебі… Анар Шаймергенова, Астана қаласының тұрғыны: — Қазақстанда тек қана туыстықтан жасайды ғой. Соған мен келісемін. Өйткені туыс болмаса, бұл ақша. Мысал келтіріп жатқан Иранды да алатын болсақ, сонда туыс емес донордың 75 пайызы бұл ақшаға мұқтаж адамдар. Яғни Қазақстанда да солай болады, ақшасы бар адамдарға донор табылады, ақшасы жоқ адамдардың денсаулығы зардап шегеді. Қайткен күнде де, мәселе әзірге екіұшты. Таразының бір басында бірнеше науқастың өмірі, ал екінші жағынан қымбатшылық қос бүйірден қысқан заманда екінің бірі бүйрегі мен бауырын саудаға шығаруы бек мүмкін. Айтпақшы, 2020 жылдан бері ел азаматтары eGov.kz порталы арқылы донорлыққа келісім беріп немесе бас тарта алады. Жауапты мамандардың сөзінше, аталмыш қызмет іске қосылғалы 31 мыңға жуық өтініш келіп түскен.