Республикада жыл басынан бері 3 мыңнан астам қазақ қандас мәртебесін алыпты.  Бұл ақпаратты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі жариялады.

Ведомство жариялаған ақпарат бойынша 2023 жылғы 1 қаңтардан 1 наурызға дейінгі аралықта 3134 қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алған.

Қазақстанға оралғандардың  жартысынан астамы Өзбекстаннан, 16,3 пайызы Қытайдан, 15,9 пайызы Ресейден, 8,4 пайызы Түркіменстаннан, 4,5 пайызы Монғолиядан, 4,9 пайызы өзге де елдерден келген.

Қандастар, негізінен, Алматы облысына (27 пайыз), Маңғыстау (16,6 пайыз), Түркістан (7,1 пайыз), Жамбыл (3,6 пайыз) облыстарына және Астана (10,5 пайыз), Алматы (7,6 пайыз), Шымкент (6,5 пайыз) қалаларына қоныстанған.

Министрліктің мәліметіне қарағанда, қандастардың 69,1 пайызы – еңбекке жарамды адамдар, 22,7 пайызы – еңбек жасына жетпегендер, 8,2 пайызы – зейнеткерлер.

2022 жылы 18 мың қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алған. 

Ресми статистикаға қарағанда, 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 миллион 110,1 мың қазақ оралған.