9 C
Нур-Султан
13 C
Алматы
17.3 C
Шымкент
9 C
Нур-Султан
13 C
Алматы
17.3 C
Шымкент

«САЙЛАУШЫ МЕН СЕНАТ ДЕПУТАТЫ БІР-БІРІН БІЛМЕЙДІ»

14 қаңтардағы сайлау нәтижесінде сенатқа елдің 17 облысынан, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 20 депутат сайланды, оның төртеуі бұған дейін де депутат болған. Былтыр қарашада басталған сенат сайлауы науқаны барысында 130 үміткер ұсынылған, олардың арасында бірен-саран азаматтық белсенділер де өзін өзі ұсынуға талпынып көрген, бірақ тіркеле алмады.

Сайлау комиссиялары 55 адамды кандидат ретінде тіркеді. Биылғы сенат сайлау да бұрыннан келе жатқан дәстүрмен өтті: әр аймақтағы сайлаушы тізіміне енгізілген жиынтығы үш мыңнан астам жергілікті мәслихат депутаттары дауыс беру жолымен, сайлауға түскен әлгі 55 кандидаттың арасынан таңдаған адамына дауыс берді.

Биылғы сенат депутатын сайлау да ескі сүрлеумен өтті. Жаңадан сайланғандар арасында облыстық мәслихаттың бес хатшысы, төрт әкім орынбасары, екі аудан әкімі, бір облыстық басқарма жетекшісі, министрліктің орташа дәрежедегі бір жетекшісі бар.

Сайланғандардың үшеуі – әйел. Жаңа депутаттардың орташа жасы – 53,6: ең үлкені – 62 жаста, ең жасы 42-де.

Былтыр маусымда Қазақстанда өткен референдум нәтижесінде Конституцияға енгізілген өзгертулерге сай, президент енді сенатқа он депутатты өз жарлығымен тағайындайды, оның бесеуін Қазақстан халқы ассамблеясы ұсынады. Бұл жаңа ереже парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс сайлауы өткеннен кейін (оның мерзімі әлі белгіленген жоқ) қолданысқа енгізілмек. Бұған дейін сенаттың 15 депутатын президент тағайындап келген.

Былтыр күзде Қазақстанда кезектен тыс өткен сайлаудың ресми қорытындысы бойынша жеті жыл мерзімге президент болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев ант беру рәсімінде сөйлеген сөзінде «сенат сайлауы конституциялық реформаны нақты жүзеге асырудың жалғасы болмақ. Сайлау қорытындысы бойынша сенаттың депутаттық корпусының бір бөлігі бәсекелестік және ашықтық қағидаттары негізінде жаңарады» деген еді.

Қазақстанда кемінде 238 адамның өліміне себеп болған Қаңтар оқиғасынанкейін Конституцияға өзгерістер енгізу, кезектен тыс президент сайлау секілді саяси шараларды ұйымдастырып өткізген Ақорда оларды «реформалар бастауы, демократияға қадам» деп сипаттаса, сыншылар «бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында қалыптасқан авторитар режимнің мұртын бұзбай сақтап, жай ғана сырттай сылап-сипау» деп атаған.

«САЙЛАУШЫ МЕН СЕНАТ ДЕПУТАТЫ БІР-БІРІН БІЛМЕЙДІ»

Жаңаөзен қаласының тұрғыны, азаматтық белсенді Жеңіс Әкімов сенат сайлауы өткенінен хабардар болғанымен, Маңғыстаудан сенатқа кім сайланған білмейтінін, олардың бағдарламасымен таныс емесін айтады.

Сенат депутатын жергілікті мәслихат депутаттары таңдайтындықтан, олар ел араламайды, халықпен кездесіп, үгіт-насихат жүргізбейді. Мәслихаттардың басым бөлігі сияқты сенат та негізінен биліктің «Аманат» партиясы өкілдерінен тұрады. Сенат құрамында оппозиция жоқтың қасы дейді шалғайда тұратын қатардағы сайлаушы Әкімов.

– Қатардағы сайлаушы сенат депутатын да, мәжіліс мүшесін де жөнді білмейді. Қай палата болмасын, тек Тоқаевқа ыңғайлы заң шығаратын, қабылдайтын орган. Қазақстан унитарлы мемлекет болғандықтан сенаттың қажеті жоқ, бізге бір палаталы жаңа парламент керек

Тағы бір азаматтық белсенді Серік Бақтыбайұлы сенат сайлауына мүлдем мән бермейтінін айтты.

– Сенат құрамында әлдебір өзгеріс болды деп ойламаймын. Себебі олардың барлығы ескі жүйенің адамдары, оларды сайлаған мәслихат депутаттары, халық сайлаған жоқ. Халық сайламаған адам сенатқа барып отырды, одан не өзгереді? – дейді ол.

Әлеуметтанушы Серік Бейсебаев қатардағы сайлаушының сенат депутаты туралы білетіні шамалы, тіпті мүлде білмейтіндер аз емес дейді. Ол жаңадан сайланған сенат депутаттары саяси күштердің арақатынасын өзгерте алатынына күмән келтіреді.

– Жаңа Қазақстанның негізгі идеясы – саяси реформа жасау, ал бұрынғы сенат депутаттарының көбі сол орнында қалғанын ескерсек, «Жаңа Қазақстан» идеясының қазіргі сенат негізінде жүзеге аспағанын көруге болады. Өйткені, қоғам сұрап отырған саяси өзгеріс сенаттан көрінбеді. Сенат мүшелері қатарында халық мүддесін жоғары жаққа жеткізе алатын, аймақтардағы әлеуметтік, экономикалық мәселелерді көтеріп жүрген адамдар болуы керек еді. Біз тек бұрынғыша қоғам назарынан тыс, мейлінше тез сайлау өткізіп, бұрынғы адамдарды қайта сайлағанын көрдік. Сондықтан бұл сенат сайлауы алдағы мәжіліс сайлауының репетициясы іспетті, – дейді Серік Бейсебаев.

«СЕНАТТА КЕЗДЕЙСОҚ АДАМ БОЛМАЙДЫ»

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов 1995 жылдан бастап пайда болған сенатты бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өз билігін сақтап, жеке билігіне қауіп төндіретін заңдар өтіп кетпеуі үшін ойлап тапқан жасанды орган ретінде сипаттайды. Ол президентке импичмент жариялау немесе президенттің билігін шектеу туралы бастама көтеріле қалғандай болса, импичмент комиссиясын құру, конституциялық заңдарға өзгеріс енгізу оңай болмас үшін парламенттегі қосымша бір сүзгі ретінде құрылған.

«Президент квотасының азайғаны президенттің сенатқа ықпалы азайды дегенді білдірмейді әрі сенат қазір керексіз институт» деп санайды саясаттанушы.

– Сенат толығымен президент әкімшілігі бақылауында. Өйткені, президент сенат төрағасын, орынбасарларын тағайындайды және комитеттің барлық төрағалары президент әкімшілігінің мақұлдауынсыз қызметке келмейді. Қазіргі таңда сенат спикері болып Тоқаевтың президент әкімшілігінде жұмыс істеген, одан кейін 2009 жылы президент сайлау науқаны кезінде Тоқаевтың штабын басқарған, сенімді өкілі болған Мәулен Әшімбаев отыр. Әрбір аймақтан екіден сайланатын депутаттардың барлығы дерлік әбден жергілікті әкімдік пен президент әкімшілігі пысықтап, сұрыптаудан өткізген кандидаттар. Олардың барлығы дерлік осы саяси конъюнктураның мүшелері. Сенатта кездейсоқ адам болмайды, осы саяси жүйенің ойын ережесін қабылдаған, президент әкімшілігі нұсқауымен жүретін адамдар енеді, – дейді ол.

Шалқар Нұрсейітов сенат сайлауы елдегі саяси өзгерісті білдірмейді дейді. Ол кейбір саясаттанушылар айтып жүрген, Қазақстанға 265 депутаттан тұратын бір палаталы парламент жүйесі керек деген пікірін қолдайды.

– Тып-тыныш, елеусіз, президент әкімшілігінің сценарийі бойынша өткен сенат сайлауында «президент таңдайтын депутат саны азайды» деу жай ғана көз алдау, оның елдің саяси өміріне әсері жоқ, болмайды да, – дейді Шалқар Нұрпейісов.

АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ

 

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар