АҚШ Мәскеу мен Киев арасындағы кең ауқымды бейбіт келісім аясында Украинаға тиесілі Қырымды Ресейдің бақылауында деп тануға дайын. Бұл туралы Bloomberg-ке сұхбат берген дереккөздер хабарлады.
Бұл ықтимал қадам — Трамптың соғысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізуге ұмтылып жатқанын көрсететін соңғы белгі. Басылымның жазуынша, бұл жаңалық Трамп пен мемлекеттік хатшы Марко Рубио жұма күні Вашингтон бейбітшілік орнатуға делдал болу әрекетінен бас тартуға дайын екенін айтқан сәтте белгілі болды. Егер жақын арада ілгерілеу болмаса, АҚШ бұл үдерістен шеттейді.
Дереккөздердің айтуынша, бұл мәселеге қатысты соңғы шешім әлі қабылданған жоқ.
Ақ үй мен Мемлекеттік департамент Bloomberg-тің түсініктеме беру сұранысына жауап бермеген. Ал Мәскеумен жүргізіліп жатқан келіссөздер барысынан хабардар америкалық шенеунік түсініктеме беруден бас тартқан.
Сонымен бірге Bloomberg Қырымды аннексиялау фактісін тану халықаралық құқыққа және өзгенің аумағын күшпен басып алуға тыйым салатын келісімдерге қайшы болатынын атап өтті.