Ақтау маңындағы ұшақтың апатқа ұшырауының себебі ресейлік зымыран болды, деп хабарлайды Euronews еуропалық телеарнасы.
«Әзірбайжан Үкіметінің дереккөздері бейсенбіде Euronews-ке Ресейдің «жер-әуе» зымыраны сәрсенбіде Ақтауда » Azerbaijan Airlines компаниясына тиесілі ұшақтың апатқа ұшырауына себеп болғанын растады.
Дереккөздердің хабарлауынша, зымыран Грозныйдың үстіндегі дрондардың ату кезінде ұшақтың жанында жарылған. Сынықтар жолаушылар мен стюардессаларға тиген.
Дереккөздер Euronews-ке ұшқыштардың апаттық қону туралы өтінішіне қарамастан, бүлінген ұшаққа Ресей әуежайларының ешқайсысына қонуға рұқсат етілмегенін және оған Каспий теңізі арқылы Қазақстандағы Ақтау бағытында ұшуға бұйрық берілгенін айтқан.
Мәліметтерге сәйкес, ұшақтың GPS навигациялық жүйелері теңіз үстімен ұшу кезінде сөндірілген», — делінген.
Айта кетейік, бірнеше сағат бұрын қазақстандық сенатор Андрей Лукин Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақты атқаны туралы нұсқаны қоғамдық талқыға айналдырмауға шақырған.
Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау әуежайының маңында Azerbaijan Airlines авиакомпаниясының Баку – Грозный жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады.
Бұған дейін Росавиация өкілі Артем Кореняко ұшақтың апатқа ұшырауына құстар себепші болды деп мәлімдеген еді.