-12 C
Нур-Султан
-14.1 C
Алматы
-12.7 C
Шымкент
-12 C
Нур-Султан
-14.1 C
Алматы
-12.7 C
Шымкент

Шахтерлер «Қазақмыс» басшылығына және Президентке үндеу жасады

 

Қазақстанның Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» корпорациясының шахтерлері үш күннен бері қойылған талаптарына жауап ала алмай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады. Олар күштік құрылымдар тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.

«Біз сіздерге жан айқайымызды жеткізгіміз келеді. Үш күннен бері талаптарымыз орындалмады. «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы бізді адам санатына қоспайды, шахтерлер мен жұмысшылардың талаптарымен санаспайды. Жалақымыздың өсуін талап етіп жүрген бастамашыл топтың мүшелерін ҰҚК өкілдері қудалап, сотқа тартамыз деп қорқытты. Бұл ереуіл де емес, митинг те емес – бұл жұмысшылар мен жұмыс беруші арасындағы дау», – делінген шахтерлердің шахтада түсірілген видеоүндеуінде.

Шахтерлер ең төменгі жалақы туралы жалған ақпарат таралып жатқанын да атап өтті.

«Интернетте біздің ең төменгі жалақымыз Т800 мың деген ақпарат тарады. Бұл жалған. Біздің ең төменгі жалақымыз Т500 мыңнан басталады. Осы күндері бізге «Қазақмыс» басшылығының өкілдері, Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары, прокуратура қызметкерлері келді. Бірақ ешқандай нәтиже болмады. Басшылық 13-ші жалақы ретінде тек негізгі айлықты төледі. Ал біз толыққанды 13-ші жалақыны талап етеміз. Сонымен қатар, жалақымызға Т300 мың қосу, әр тоқсан сайын 50 АЕК көлемінде сыйақы төлеу және 13-ші жалақының айлықпен айырмашылығын өтеуді сұраймыз», – деп атап өтті шахтерлер.

Сондай-ақ, олар өздеріне ҰҚК мен басқа да органдар тарапынан қысым көрсетуді тоқтатуды сұрады.

«Біз қоғамдық тәртіпті бұзған жоқпыз, заң бұзушылық туралы ойымызда да жоқ. Тек әділдікті талап етеміз», – деді шахтерлер.

Еске салсақ, 17 желтоқсанда «Қазақмыс» корпорациясының Сәтбаев қаласындағы 200-ге жуық шахтерлері ереуілге шыққан болатын. Олар жалақыларын 100% көтеруді талап етуде, ал корпорация ресми инфляция деңгейінде ғана индексация жасай алатынын мәлімдеді.

20 желтоқсан күні түстен кейін Ұлытау облысындағы шахталардың біріне қара киімдегі полицейлер енгізілгені туралы ақпарат пен бейнематериалдар тарады.

Айта кетейік, «Қазақмыс» корпорациясы олигарх Владимир Кимнің иелігінде. Ол – Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі әрі әлемдік байлар тізіміне енген тұлға.

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар