Генерал: Біздегі реформа – көзбояушылық

Әрбір сарбаз ұлттың қорғаны, мақтанышы және абыройы болса, ал ана үшін – өмірінің мәні. Ешбір ана, әсіресе, бейбіт уақытта, қызметтен оралмаған ұлын жоқтамауы керек…
Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант, ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бұрынғы бастығы Бақытжан Ертаев осы мәселеге баса назар аудара отырып, Elorda.info тілшісіне қазақ армиясының жағдайын және оған қандай реформалар жасалуы керектігі жайлы айтып берді.

Отанды тілмен емес, жүрекпен сүю керек
Халық қаһарманы әңгімесін көңіл айтудан бастады. Бейбіт заманда сарбаздарымыз әскерге шабытпен барып, табытпен оралуда. Айдың-күннің аманында өрімдей жастар қыршыннан қиылып, көптеген отбасылар қара жамылып жатыр.

«Армияда қайтыс болған сарбаздардың ата-аналарынан бас иіп кешірім сұрағым келеді. Барлығымызға ауыр қаза. Қорғаныс министрі әскердегі өлім-жітім «нөлдік көрсеткішке» жетеді деп айтып қалды. Жетпейді! Бұл – бүгін басталған дүние емес. Әскер сабында 1969 жылдан бері келе жатырмын. Содан взвод, рота басқардым, Бас штабтың бастығына дейін жеттім, Ауған соғысына қатыстым. Германиядағы ең үлкен полкті басқардым. Осы салада қаншама жыл жүргендіктен, ондағы жағдайды білетін шығармын деп ойлаймын. Өткенде теледидарды қосып қалсам, блогер жас жігіт жастарға армия туралы айтып жатыр. Армияның иісі мұрнына да бармайтындар әскер туралы айтуға ұялмай ма?  Әскери ардагер ретінде айтып отырмын. Адам баласы өзі көргеннен кейін, өзі білгеннен кейін айтуы керек. Тілмен кез келген адам сайрай береді. Қазір көбісі «патриотпын» деп сайрайды. Патриоттық тілде емес, жүректе», — дейді генерал-лейтенант.

«Етің – Отанға, сүйегің – бізге!»
Бақытжан Ертаевтың айтуынша, әскердегі әлімжеттіктің бастауы әріде жатыр. Қоғам бұл мәселеге алаңдаулы. Әлі күнге дейін «дедовщинаның» тамырына балта шабылмай тұр. Армияда белгілі бір уақыт жүрген, үркітіп-соғудан «тәжірибесі» мол жауынгерлер Отан  алдындағы парызын өтеуге келген бозбалаларға тіс батырып, күш  көрсетуге  үйір, тіпті басшылары да әлімжеттік көрсететіні жасырын емес. Бұл әскердегі жалпы тәртіптің ақсап тұрғанын көрсетеді.

Әлімжеттіктің пайда болу тарихы тереңде. «Дедовщина» сөзі қайдан пайда болған? Негізінен армиядағы әлімжеттік өткен ғасырдың екінші жартысында өрши бастаған. Кеңестік кезеңде сарбаздар 3 жыл әскер сабында болды. Әртүрлі жақта Кубада, Германияда, Ресейде және т.б. елдерде борышын өтеді. Әуеліде Екінші дүниежүзілік соғыстан оралғандардың біразы әскер құрамында қалып, Жеңістен кейін шақырылған жастарға аға болып, ұрыс жүргізу тәсілдерін үйреткен, темірдей тәртіп орнатқан. Кейіннен 1960 жылдары олардың орнын соғыс көрмегендері басқан. Олар бұл дәстүрді қабылдап, өз беттерінше бұрмалап, жаңа шақырылғандарға «жазылмаған бейресми» тәртіп орнатады. Бұрыннан қызмет етіп жүргендер өздерін әбден ысылған, тіс қаққан жауынгер санап, командирлердің рұқсатымен жас солдаттарға көрген-білгенін «үйретеді». «Сабақ үйрету» үстінде ұрып-соғу әдістері кеңінен қолданылған. Сарбаз үйіне келген соң ол жақта не болып жатқаны туралы айтпайтын. Әйтеуір аман келсе болды. Сол кезде аталарымыз: «Етің Отанға, сүйегің бізге» деп айтатын, — дейді Халық қаһарманы.

Командир сарбазды өзінің баласындай, інісіндей көру керек

Менің девизім мынадай: Командир сарбазды өзінің баласындай, інісін көріп, тәрбиелеп шығаруы керек. Сонда ғана ол командирді өзінің әкесіндей, ағасындай сыйлайды. Ал оған айқайлай берсе, боқтай берсе, қандай мейірімділік болады? Ел басына күн туған кезде олар бір-бірі үшін жан беруге дайын болуы керек емес пе? — дейді Бақытжан Ертаев.  

Взвод командирінен Қарулы Күштер Бас штабының бастығына дейінгі әскери қызметтің барлық сатысынан өткен Бақытжан Ертаевтың айтуынша, армиямызда қазақы дәстүр сақталуы тиіс.

Үлкенді сыйлауды дегенді қазір бәрі басқаша түсінеді. Өзіңді күшпен емес, жүрекпен сыйлата білу қажет. Егер сен барлығын біліп тұрсаң, әскери техниканы жетік меңгерсең, осы саланың шебері болсаң, сарбазың өзі-ақ сені сыйлайды. Қазақ армиясында дәстүр өзгеше болуы керек. Мәселен, біреу қайтыс болса, қырқына бару, жаназасына қатысу керек болып жатады. Ал оған сарбаздар, бара алмайды, жібермейді деп жылайды. Осының бәрін басшылық неге ойламайды? Осындай мәселелерді қарастыратын әскерде бір психологиялық әдістемелік институт болуы керек. Психологтар, педагогтер мұны жаңадан құрастыруы қажет, — дейді Халық Қаһарманы.  

Сондай-ақ сұхбаттасушының айтуынша, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің әлеуметтік пакетін қайта қарау қажет.

Мысалы, әскерге шақырылушыларға Отан алдындағы борышын өтеу кезеңінде мойнындағы несиелерінің мерзімін кейінге қалдыруды ұсыну, қызметті адал атқарғаны үшін әкімдіктер жергілікті бюджет есебінен ынталандыру ретінде  материалдық көмек енгізу, мемлекеттік қызметке орналасу кезінде әскери қызметін атқарғандарға басымдық беру, жоғары, арнаулы оқу орындарына түсу кезінде де осындай жеңілдіктер қарастыру. Казармада да жағдай жасау керек. Алты айлық қызметтен кейін әрбір әскери қызметшіге қысқа мерзімді демалыс берсе жақсы болар еді. Жауынгер үйіне барып, анасын құшақтап, әкесімен сөйлессін.

Әскери адам ештеңеге алаңдамау керек. Жаттығуын, шеберлігін шыңдауды ғана ойлауы тиіс. Басқа проблемасы болмауы қажет. Біздегі әскерилер үйін де, оқуын да, отбасын да, бәрін уайымдайды. Бізде бәрі –  жемқорлық. Жемқорлықты өзіміз жасаймыз. «Қазақылыққа» салыну мен қазақи болмысты шатастырмау керек. Үлкенді сыйлау, Отанды сүю деген қымбат дүниелер бар. Қабанбай, Райымбек сияқты батырларымыз: «Ұрпақтарым, жер үшін, сендер үшін» қан төгемін. Сендер үшін жан беремін, елге ие болыңдар!» деп кетті ғой. Ал біз сол елге еге бола алып отырмыз ба? Сол егемендік үшін кірпік қақпастан жан беруге дайынбыз ба?» – деп ашынды генерал-лейтенант.

Әлімжеттікті жасайтын – «контрактниктер»!
Халық Қаһарманы армиядағы «аурудың» диагнозын дәл анықтау қажет екенін айтады.

«Әскердегі әлімжеттікке келтін болсақ, оның себебіне теңірек үңілсек деймін. Армиядағы «аурудың» тамырын ұстап, диагнозын дәл анықтаған кезде ғана оны емдей аламыз. Қазіргі жағдайымызды жасырмау қажет. Шындық айтылу керек. Адам баласы әскерге келгенде қорқып емес, «Отанды қорғаймын» деген құлшыныспен келуі керек. Бізде қалай? Келе салып: «Сапқа түзел, тік тұр» деп айғайға басады. Қазір әскерге келісімшартпен де барады. Оларды «контрактниктер» дейміз. Шындықты ашып айтайын, 27-30 жастағы жігіттер, әлгі «контрактниктер»   әскерге жаңадан қабылданған сарбаздарды тергеуге алады. «Қай жерден келдің? Әке-шешең кәсіпкер ме, онда үйіңе хабарлас, осындай ақша жіберсін» деп мәжбүрлейді. «Контрактниктің» несиесі бар, оны жабу керек, олар сосын осындай амалға көшеді. Ал анау бейшара сарбаз әке-шешесіне өтірік ойластырып, хат жазады. Әлімжеттікті жасайтын – сол  «контрактниктер»! Осыдан кейін әлгі сарбаздың бар құлшынысы сөніп қалады. Мұны жақсы білемін», — дейді Бақытжан Ертаев. 

Аналар әскердегі балаларының жағдайын өз көзімен көруі керек
Генерал-лейтенанттың айтуынша, Жоғарғы Бас қолбасшы жанынан немесе Ұлттық қауіпсіздік кеңесі жанынан Қарулы Күштердегі төтенше жағдайлар мен қайғылы оқиғаларды тереңірек талдаумен айналысатын Бас инспекция құру қажет. Бұл инспекция әскердегі жағдайға жауапты болу қажет.

Оның құрамына сарбаздардың аналарын да, әкімді де, министрді де, ардагер генералдарды да енгізсе артық болмайды. Әскердегі ішкі жағдайды өз көздерімен көрсе екен деймін. Әрбір ата-ана балаларының қайда барып, не жейтінін, не киетінін көзімен көргенде ғана жүректері орнына түсер еді, — дейді генерал-лейтенант.

Халықаралық қақтығыстар ушыға бастаған сайын мемлекет өз әскерін күшейтуге тырысады
Бақытжан Ертаев армиядағы өзінің көңілі толмайтын біраз дүниелерді ашып айтты.

Қазір әскери борышты өтеу мерзімі бір-ақ жыл. Мен оған риза емеспін. Ату білмейтін сарбазға әскери техниканың қыр-сырын, атуды үйретуге біраз уақыт кетеді ғой. Халықаралық қақтығыстар ушыға бастаған сайын кез келген ел әскери әлеуетін күшейте бастайды. Қару ұстай алатын сарбаздарды тәрбиелеуге ұмтылады.  

Ал біздің армия не болып жатыр? Генералдар айып етпесін, бұйрық жасау үшін сарбаздың киімін киіп, соның етігімен жүру керек, соның тамағын ішу керек, казармада солармен бірге жату керек, сонымен бірге жүріп-тұру керек, сонда ғана оны түсінеді. Ал генералдар, командирлер ақырындап асықпай келеді, олардың 27-28 жастағы көмекші «контрактниктері» жұдырықпен сарбаздарды сапқа тұрғызып қояды. Ал командирі не болып жатыр деп сұрамайды.

Сарбаздың тамағына да қарауымыз керек. Әскери бөлімдегі асхананы жалға алушылар тендерге қатысып, байқауда арзан бағаны ұсынады. Олар өз шығындарының орнын толтыру үшін сарбазға берілетін тамақты өте аз және арзан етіп беруге көшкен. Оны да ашық айту керек.

Тағы бір келіспейтін тұсым – командирдің жұбайы, полк «анасы» болып жүр, әйелдер кеңесінің төрайымы, Ол қалай болады? Сонда ол күйеуін жамандай ма? Күйеуіне ұрса ма?

Білесіздер ме, Түркияда сарбаз жақсы қызмет етіп келсе, оның үйінде жалау тұрады екен. Ол үйге барлығы келіп, амандасып, ризашылығын білдіреді екен, — деп атап өтті Халық қаһарманы.

Қазір әскерге барып жүргендер – кедей-кепшіктің балалары
Бақытжан Ертаев әскеріміз қуатты болсын десек, сарбаздарымыздың жағдайын жасау қажеттігін айтты.

Қазір армияға барып жүргендер кімдер? Өзіміз сияқты кедейдің балалары. Әскерге бай-шендінің де, кедейлердің де балаларын баруға міндеттеу керек. Отан алдында борышын өтеу – әр сарбаздың парызы. Мейлі, денсаулығына байланысты бара алмасын, бірақ «Егер Отаныма, еліме қарсы шықсам, жазаланамын» деп ант берсін, — дейді Бақытжан Ертаев.

Біздегі реформа – көзбояушылық
Халық қаһарманы әскерге реформа қажет екенін айтып, онда қандай мәселелерге баса назар аударылуы керектігін тізіп шықты.
Армияға реформа керек. Біздегі реформа көзбояушылық. Реформа қайдан басталады? Реформа жасамас бұрын, елмен, әскерде болған адаммен ақылдасу керек. Адам баласы ең алдымен өзін сол орынға қоюы керек. Сарбаздың көрген қиындығын өзі бастан өткеру қажет. Сонда ғана сен сарбазды үйрете аласың. Сол кезде ғана сарбаз сені тыңдайды. Ал өзің түк те білмесең, нанның калориясы қанша екенін білмесең, автоматтың салмағын білмесең, қалай командир боласың?
Біздің жастарда идеология жоқ.  Барлығын бір күнде ретке келтіре алмаймыз. Сарбаздардың өліміне, әлімжеттікке бәріміз, мектеп те, тәрбие де, идеология да кінәлі.
Сарбаздардың саны көп, «контрактниктер» аз болуы керек. Құдай бетін аулақ қылсын, соғыс болып қалса, бір «контрактник» бармайды, бала-шағам бар деп кетіп қалады. Дабыл қағылғанда, «контрактниктерді»  шақырып қалса, құдалықта, анда-мында отырады. Оларды қай жақтан тауып аласың? Ал сарбаз казармада. Мұны ешкім ойламайды.
Сондай-ақ кеуделері орден-медальға толған бір ардагер тәртіп бұзған сарбаздың үйіне барып сөйледі ме? Жоқ! Олар қайда жүр? Гарнизондарға, әскери бөлімдерге барып жұмыс істеуі керек. Анамен, әкімдікпен, командирмен, қаһармандармен, идеологтармен бірігіп, жақсы «дәрі» жасап шығару керек.
Адам баласы Отанды тілмен емес, жүрекпен сүюі керек. Күш танкіде емес, жүректе, — деп сөзін түйіндеді Бақытжан Ертаев.

Елорда-инфо