Берлинде сот 8 және 9 мамыр күндері қаланың бірқатар мемориалдарында Ресеймен байланысы бар тулар мен рәміздерді көрсетуге тыйым салу туралы полиция шешімін қолдады. Бұл тыйым — Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 80 жылдығына арналған күндері қоғамдық тыныштықты сақтау мақсатында енгізілді.
Атап айтқанда, КСРО туын көрсетуге 8–9 мамыр күндері Трептов-паркіндегі кеңес жауынгерлеріне арналған мемориал мен оның айналасындағы аумақта тыйым салынады. Бұл шешімді Берлиннің әкімшілік соты қабылдағаны 7 мамырда қаланың ресми сайтында жарияланды.
2 мамырда Берлин полициясы жариялаған шешімге сәйкес, 8 мамыр таңғы 6-дан бастап 9 мамыр кешкі 22:00-ге дейін бірнеше мемориал аумағында Ресеймен байланысы бар тулар мен рәміздерді көрсетуге тыйым салынған. Бұл шешімге қарсы болған қоғамдық ұйымдардың бірі сотқа шағым түсірген еді. Алайда сот бұл шағымды кері қайтарып, полиция қаулысының заңға қайшы келмейтінін мәлімдеді.
Сот шешімінде айтылғандай, мұндай тыйым қоғамдық тәртіп пен құрметті еске алу шараларын қамтамасыз ету үшін қажет. Украинаға қарсы соғыс жүріп жатқан қазіргі жағдайда КСРО туы зорлық-зомбылықты қолдау символына айналуы мүмкін. Сондықтан оны пайдалану соғысты қолдаудың көрінісі ретінде қабылдануы ықтимал. Бұл өз кезегінде соғыс құрбандарының қадір-қасиетіне нұқсан келтіріп, қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді.
Сот шешіміне Берлин мен Бранденбургтің Жоғарғы әкімшілік сотына шағымдануға болады.
Фото: Kristina Zorkina/Imago