Яков Воронцов шамамен бір жарым жыл бұрын қозғалған қылмыстық істің жабылғанын әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
«Маған қатысты экстремизм бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс ақтап алу негізінде – яғни әрекеттерімде қылмыс құрамының болмауына байланысты – тоқтатылды. Менің жазықсыз екенімді дәлелдеу үшін 16 ай тергеу жүргізіліп, бірнеше сот сараптамасы өткізілді. Дегенмен, бұл істің шындық пен бостандықты жақтағаным үшін кек алу мақсатындағы жалаға негізделгені мен үшін де, көпшілік үшін де басынан-ақ түсінікті болды», – деп жазды Воронцов.
Ол өзіне қолдау білдірген жандарға – адвокаттар Диас Ахметов пен Ғалым Нұрпейісовке, сондай-ақ Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро мен құқық қорғаушы Евгений Жовтиске алғысын білдірді.
«Мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа екі мәрте қорғау туралы өтінішпен жүгіндім. Қазір оған арнап алғыс хат жолдадым – Қазақстанда ар-ождан бостандығы мен адам құқықтары, заң үстемдігі және ақыл-парасат салтанат құратын атмосфераны қалыптастырып жатқаны үшін. Сондай-ақ тергеушіге объективтілігі мен заңға адалдығы үшін ризашылығымды білдіремін. Әрине, 16 айлық өмірім ұрланды деуге болады. Бұл менің де, жақындарымның да қаншалықты жүйкесіне әсер еткенін айтып жеткізу қиын. Мұның өтемі қайтпайды. Бірақ мен ешкімге ренжімеймін. Осы сәтті ұзақ күттім, алайда моральдық тұрғыда дайын болмадым. Үлкен жоспарларым болған. Егер оларды жүзеге асыруға бел буса, қымбатты достарым, сіздердің көмектеріңіз қажет болады!» – деп қорытындылады Воронцов.