Украина президенті Владимир Зеленский Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясында АҚШ-тың Украинадағы соғысты тоқтату бойынша дайын жоспарын көрмейтінін мәлімдеді.
Bloomberg Зеленскийдің негізгі мәлімдемелерін ұсынды:
▪️ Бізге АҚШ-тың мықты қолдауы қажет, Трамп біздің жағымызда.
▪️ Украина өз пайдалы қазбаларын Ресейден қорғауы тиіс.
▪️ Украинаға тек атысты тоқтату жеткіліксіз.
▪️ Украина мәселесі бойынша Киев пен Еуропаны айналып өтетін қандай да бір келісім – нашар идея. Трампта мұндай ой жоқ деп үміттенемін.
▪️ Бейбітшілік Мюнхенде жасалмауы тиіс – бұл бәрімізге белгілі Мюнхен (1938 жылғы Мюнхен келісіміне ишара).
▪️ Мен тарихта Путиннің елімді жаулап алуына көмектескен адам ретінде қалғым келмейді.
Трамп жуырда Путинмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін оған жылы пікір білдірсе, АҚШ сенаторлары Мюнхенде Зеленскиймен өткен панельдік пікірталаста Ресей президентіне аяушылық танытпады.
Демократтар атынан сөз алған сенатор Шелдон Уайтхаус Украинаға қос партияның да қолдау білдіретінін атап өтті. Ал республикалық сенатор Линдси Грэм Зеленскийді «өмір бойы армандаған одақтасым» деп атады.
«Украинаны қорғау үшін бірде-бір америкалық қаза тапқан жоқ. Сіздер біздің қаруымызды алып, оларды талқандадыңыздар», – деді Грэм Зеленскийге қарата.
Ол Зеленскийдің иығына қолын қойып:
«Путинді қалай тоқтатамыз? Мына жігітті (Зеленскийді) қаруландыру арқылы!» – деп қосты.
BBC мәліметінше, Зеленский АҚШ вице-президенті Дж. Д. Вэнспен кездесуге дайын екенін, бірақ қандай да бір меморандумға қол қоюға әзір емес екенін айтты.
Сондай-ақ, Украина президенті соғысты тоқтату жөнінде келіссөз жүргізуге дайын жалғыз ресейлік шенеунік – Ресей президенті Владимир Путин екенін мәлімдеді. Алайда бұл кездесу тек АҚШ және Еуропа көшбасшыларымен ортақ жоспар келісілгеннен кейін ғана мүмкін болмақ.
Зеленский өзінің Telegram арнасында Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясында АҚШ сенатының қос партиялық делегациясымен кездескенін хабарлады:
«Украинаға әскери көмекті жалғастыруды және әділетті бейбітшілікке қол жеткізу үшін қажетті күш-жігерді талқыладық. Ресей соғысты тоқтатқысы келмейді және әлемде шиеленісті күшейтуді жалғастыруда. Сондықтан Украина үшін АҚШ тарапынан әскери қолдау өте маңызды. Тек осылай ғана әділетті және ұзақмерзімді бейбітшілікке жетуге болады.
Бұдан бөлек, АҚШ пен Украинаның серіктестігі, оның ішінде бірлескен жобаларды іске асыру, экономикалық ынтымақтастық және стратегиялық маңызды минералдар мен сирек кездесетін элементтерді бірлесіп дамыту мәселелері талқыланды».