Шымкент қаласында суррогаттық алкоголь өнімдерін өндіретін жасырын цех қызметінен алынған қылмыстық кірістерді жасыру және заңдастыру схемасын анықталды. Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігі хабарлады.
Тергеу барысында 2022 жылдан бастап ерлі-зайыпты Қарсеновтар қолдан жасалған акциздік маркаларын және этил спиртін пайдаланып, заңсыз алкоголь өнімдерін өндіруді ұйымдастырғаны белгілі болды.
Өнім Шымкент қаласында ғана емес, сондай-ақ көршілес Түркістан және Жамбыл облыстарында да сатылған.
«Тінту барысында 9 мың литрден астам этил спирті, 24 мыңнан астам жалған акциз маркалары, әртүрлі маркалы дайын алкоголь өнімдері және 75 млн теңге көлемінде ақшалай қаражат тәркіленді», — делінген хабарламада.
«Follow the money» принципі бойынша жүргізілген қаржылық тергеу нәтижесінде жасырын цехтың 309 млн теңгеден астам сомадағы барлық қылмыстық кірістері анықталды.
«Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа күдіктілер жалпы құны 234 млн тенгені құрайтын 13 қымбат көлік («Toyota Land Cruiser 300», «ZEEKR 001», «KIA K8», «Hyundai Grandeur», «VOLVO» және т.б.) сатып алған, тәркілеуден жасыру мақсатында олардың бір бөлігін жақын туыстарына рәсімделген», — делінген хабарламада.
Сот үкімімен аталған тұлғалар заңсыз кәсіпкерлік (ҚК 214-бабының 2-бөлігі, 2-тармағы), акцизделетін тауарлардың таңбалау тәртібі мен ережелерін бұзу (ҚК 233-бабының 2-бөлігі), қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру (ҚК 218-бабының 3-бөлігі, 3-тармағы) бойынша кінәлі деп танылды.
Сот оларға 5 және 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Мемлекет кірісіне қылмыстық жолмен тапқан қаражатқа сатып алынған 13 көлік пен 75 миллион теңге тәркіленді.