Жұма күні «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясының жетекшісі Евгении Пригожин жиырма бес жауынгермен Ресейдің әскери басшылығына қарсы шабуылға шыққанын мәлімдеді. .  Ол қорғаныс министрлігі «Вагнер» жауынгерлерін артиллерия мен әскери тікұшақ көмегімен атқылап, өлтіргенін хабарлады. Сондықтан министр Шойгудан кек алып, Ресейдегі билік жүйесі жемқор адамдардан тазартамыз деп мәлімдеді. Жауынгерлер әскери техникамен Ростов қаласына кіріп, ары қарай Мәскеуге бағыт алғандары белгілі болды. Мәскеуде төтенше жағдай жарияланып, салтанатты шаралардың барлығы тоқтатылды. Мемлекеттік мекемелерді күшейтілген күзет жасағы қорғап тұр. 

Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі қарулы бүлікке шақырғаны үшін «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясының жетекшісі Евгений Пригожиннің үстінен қылмыстық іс қозғады. Бұл жөнінде Ресей Бас прокуратурасы хабарлады. Бұл бап бойынша ең жоғарғы жаза – 20 жыл.

Ресей Президенті Владимир Путин әскери бүлікті ұйымдастырушылардың әрекетін сатқындық деп бағалап, қатал жазаланатындарын мәлімдеді. 

Е. Пригожин Путин айтқандай сатқын емес, әділдік орнатушы екендіктерін айтып, бастаған істі соңына дейін жеткізетіндерін хабарлады. 

Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша Мәскеу мен Дондағы Ростовта «Бекініс» жоспары басталған. Ростов көшелерінде әскери техника жүр, кей көшелер жабылған.

ВВС-дің хабарлауынша Мәскеуде ФСБ басқармасы мен әскерилер дабыл бойынша жұмылдырылған. Мәскеу мен Ростов арасындағы федералдық трассаға блокпосттар қойылған. Ресей астанасындағы мемлекеттік мекемелердің маңына күзет қойылды деген деректер бар. Кей сарапшылар Ресейде «азамат соғысы басталды» деген де пікір жазып жатыр.

Жұма күні жарияланған жарты сағаттық видеомәлімдемесінде Пригожин Украинаға шабуыл негізсіз болғанын, ел басшылығы Ресей халқын «алдап отырғанын» айтқан.