Бүгін Алматыдаи республика алаңында сайлау нәтижесімен келіспеген белсенді азаматтар митинг өткізді.

Алаңға жиналғандар саны журналистерді есептемегенде 30-дан асты. Кейін көбейді.

«Халық парламентінің» өкілі Рысбек Сәрсенбайұлы «халықтың аз жиналғанын» биліктің қудалауымен түсіндірді.

Прокуратура өкілі жиналғандарға шараның «заңсыз» екенін ескертіп, тарау қажеттігін айтты.

Рысбек Сәрсенбайұлы билік бейбіт жиын туралы заңын бұрмалап, азаматтардың бейбіт жиналу құқығын бұзып отырғанын айтты.

“Халықтың конституциялық құқықтарын бұзғандардың өзін жауапқа тарту керек. Мен сайлауда таза жеңіске жеттім. ОСК сайлау нәтижесін бұрмалады. Бұл сайлау емес, сайқымазақ», — деді ол.

«2019 жылы Тоқаев билікке келген соң «Әділетті Қазақстан» құруға уәде берген. Не болды? Алдады. Оған сайлау дәлел. Тоқаев, Әшімбаев, Қарин және өзгелерге айтарым: Халыққа қиянат жасамаңыздар. Халық дауысын ұрлау – үлкен қылмыс. Біз күресті тоқтатпаймыз», — деді Мұхтар Тайжан.

«Ертең Жанболат Мамайға үкім шығады. Прокурор 6,5 жылға соттауды сұрап отыр. Тоқаевтың президенттігіне де 6,5 жыл қалған. Бұл биліктің халықтан, халық өкілдерінен қорқатынын дәлелдеп отыр», — деді Инга Иманбай.

Оның айтуынша, билік халықты алдауын жалғастыра берсе, Қаңтар қайталануы мүмкін.

«Белсенді Ермек Нарымбай Назарбаев пен Тоқаев кезеңінде де қамауда отыр. Бұл жерде Марғұлан Боранбаев, Данат Намазбаев және айтылмаған талай азаматтар туралы айту керек. Бұл «Жаңа Қазақстан» мен ескі Қазақстаннан айырмашылық жоғын көрсетеді», – деді Мұхтар Тайжан.

«Ұрлықты да жасырын істейді. Ал мына сайлауда ашық тонау, қарақшылық болды. Оның үстіне оған 33 млрл теңге жұмсалды. Сайлау нәтижесін жою керек. Егер Тоқаев оны жоймаса, қарақшылыққа болысқан болып саналады», – деді облыстық мәслихатқа кандидат болған Талғар ауданының тұрғыны.

Мұхтар Тайжан билік өкілдеріне қарата халыққа күш көрсетпеуге, оларды қудаламауға шақырды

Митингіде қымбатшылық, жанармайдың қымбаттап жатқаны, активтердің ұрлануы айтылып жатыр.

«Халықты тонағандар тергелсін, жауапқа тартылсын! Неге Назарбаевтың туыстары тергелмейді?» деді тұрғындардың бірі.

Аружан Дүйсебаева сайлауда дауыс ұрлау, Жанболат Мамайдың қудалануы туралы айтты.

«Жанболат Мамайдың орнында ертеңгі күні кез келген адам болуы мүмкін. Егер өзімізді өзіміз қорғамасақ, ешкім қорғамайды. Саяси тұтқындар босатылсын!» деді.

Оралда да тәуелсіз кандидат, журналист Лұқпан Ахмедияров орталық алаңға наразылық акциясына шыққан, бірақ алаңда қала билігі “Батырларға тағзым” патриоттық акциясын өткізіп жатыр, деп хабарлады БАҚ.

«Тоқаев 6 тіл біледі дейді. Егер халықтың тілін түсінбесе, одан не пайда? Бізге ондай биліктің қажеті жоқ», – деді Нұржан Әлтаев.

Митингіде «Шал, кет!» деген ұран айтылды

Журналист Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі ұлын босатуды талап етті.

«Билік ұлымның денсаулығын құртып жатыр. Думанды босатсын. Мамайды да қамады. Бәрін қамай берсе, біздің де үніміз шықпай қалуы мүмкін» деді ол.

Алматыдағы митингінің резолюциясында бес пункт қамтылды:

  • Наурыздағы сайлау заңсыз деп танылуы тиіс;
  • Үкіметке сенімсіздік білдіру;
  • Республика алаңы бейбіт жиын мен митинг орны болуы тиіс;
  • Президент Тоқаев сепаратизмнің кез келген түріне тыйым салуы керек;
  • Саяси тұтқындар босатылуы тиіс.

Митинг әнұранмен аяқталды. Алаңда интернет істей бастады.