Қазақстан экономикасы биыл қаңтар-ақпанда  4,3 пайызға өсті. Бұл мәліметті Ұлттық банк төрағасы төрағасы Ғалымжан Пірматов жариялады.

«Қазақстан экономикасы 2023 жылғы қаңтар-ақпан айларында 4,3 пайызға өсті. Бұл Ұлттық банктің осы жылға белгілеген 3,5-4,5 пайыз деңгейіндегі болжамдарына сәйкес келеді. Нақты сектор 2,7 пайызға, ал қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділік 5 пайызға өсті. Биылғы ақпан айында тұтыну тауарларын өндіру көлемі едәуір артты. Құрылыс жұмыстарының құрылымында көп пәтерлі тұрғын үйлерді пайдалануға берудің артқаны байқалады. Ішкі сұраныс – тұрақты. Бұл бөлшек тауар айналымының оң динамикасынан көрініп отыр», — деді ҰБ басшысы.

Оның дерегінше, қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша, бөлшек тауар айналымы нақты мәнде 12,9 пайызға өсті.

«Өткен жылдың төмен базасына қарамастан, автомобиль, электрлік тұрмыс техникасы, азық-түлік өнімдері мен киім-кешек сату да бөлшек тауар айналымының ұлғаюына әсер етті», — деді Пірматов.