ГААДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СОТ ПУТИНДІ ТҰТҚЫНДАУҒА ОРДЕР БЕРДІ

Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путинді тұтқындауға ордер берді. Бұл хабар соттың ресми сайтында жарық көрді. Путинмен қоса, Ресейдің бала құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілі Мария Львова-Белованы да тұтқындауға пәрмен берілген.

 

Халықаралық қылмыстық сот екеуіне де Украинаның оккупацияланған аймағынан халықты, соның ішінде балаларды күштеп көшіріп, әскери қылмыс жасады деп айыптаған. Халықаралық құқықта бұл геноцид деп танылуы мүмкін.

Ресей бұл соттың юрисдикциясын мойындамайды. Мәскеу 2016 жылдан бері соттың әрекетін анықтайтын Рим статутына қатыспайды. Ал сот әскери қылмыс жасады деп айыпталып жатқан мемлекет басшыларының иммунитетін мойындамайды.

«Ресей Халықаралық қылмыстық соттың Рим статутының мүшесі емес, ол бойынша міндеттемелері жоқ. Ресей бұл органмен әріптес емес, ал Халықаралық қылмыстық сот берді деген тұтқындау туралы әлдебір «рецепттің» біз үшін құқықтық салмағы жоқ» деді Ресей сыртқы істер министрінің ресми өкілі Мария Захарова.

Львова-Белованың өзі Ресей «балаларды майдан алаңында қалдырмай, қамқор болып», «оларға жақсы жағдай жасап жатқанын» айтты. «Барлық елдің санкциясы болды, тіпті Жапония да маған санкция салды, енді тұтқындауға ордер беріпті, әрі қарай не береді екен, көрейік» деді ол Ресейдің РБК сайтына.

Украинаның Бас прокуроры Андрей Костин мұны Украина мен жалпы халықаралық құқық жүйесі үшін тарихи шешім деп атады. Оның айтуынша, Киев Гаагадағы сотқа балаларды Ресейге күштеп көшіру ісі бойынша 40 том материал тапсырған.

Бұдан бір күн бұрын ғана Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты тергеу тобы Ресейді «Украинада кең ауқымда әскери қылмыс жасады, соның ішінде қасақана адам өлтіріп, азаптады, кей кездері жақындарын балаларының көзінше зорлап, мәйіттерінің қасына қамады» деп айыптаған.

АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ