Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауына экс Президент Нұрсұлтан Назарбаев та келді. Ол  «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрының ғимаратында орналасқан № 393 сайлау учаскесінде дауыс берді. 

Дауыс беріп болғаннан кейін сайлау учаскесіндегі журналистер Назарбаевқа сұрақтарын қоюға талпынды. Алайда, Нұрсұлтан Әбішұлының интервью беруге құлқы жоқ екенін көрсетіп, кері айналып кетіп қалды.  Экс-президентті екі сағаттан астам уақыт күткен БАҚ өкілдері оған жақындай алмады.

Айта кетейік, бүгін қазақстандықтар Парламент Мәжілісінің жаңа депутаттарын және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлайды. Республика бойынша 10 мыңнан астам сайлау учаскелері жұмыс істеп тұр.

Сайлау учаскелеріндегі дауыстарды санау 19 наурызда жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 20:00-де басталады және 20 наурызда таңғы 8:00-де аяқталуы керек.