-12 C
Нур-Султан
-4.1 C
Алматы
6.3 C
Шымкент
-12 C
Нур-Султан
-4.1 C
Алматы
6.3 C
Шымкент

Прокурор күзетшіні өлтірген адамды 24 жылға соттауды сұрады

Алматыда асқан қатігездікпен күзетшіні өлтірген адамды прокурор 24 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Нұрбол Қайыпбаевтың жесірі мұндай жазамен келіспейтінін айтты. Қоғамға қауіп төндіретін қандықолды өмір бойы түрмеге қамауын талап етуде. Атышулы қылмыстық іс аяқталуға жақын. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Элита кешенді күзетемін деп, удай мас қалталыны үй аумағынан шығармаймын деген Нұрбол Қайыпбаевтың қаза болғанына бір жылдай болды. Бірақ күдікті ұсталған бойда психикасында ауытқуы бар деген желеумен тергеу бір тоқтатылды. Шу шыққаннан кейін ол аяқ асты сау болып шықты. Тіпті ол бұрынғы депутаттың баласы деген қауесет те желіде жүрді. Не керек, түбінде күдіктінің үстінен тағы бір айып тағылып, іс енді-енді аяқталуға жақындап келеді.

Тағылған айыптың бірі — қақпадан шығармай қойған күзетшіні асқан қатігездікпен өлтіргені үшін болса, екіншісі – танысы туралы порнография видеоны жаһанға жариялағаны үшін. Соттың жабық өтуіне де сол себеп болған көрінеді. Бірақ бұл қылмысы туралы мәлімет тым аз.

«Үш мәрте көлігімен қағып, күзетшінің аяқ-қолы сынып, жарақаттар алып, жерде жатқанына қарамастан, тіпті көлігінен түсіп алып басына бөтелке жарып, денесінің үстіне шығып секіріп, аса қатігездік көрсеткен. Ең сорақысы, ешқандай өкініш білдіріп тұрған жоқ, сотта да, тергеу кезінде де. Қылмысын асқан қатігездікпен жасағанын, адам өлтіргенін мойындап тұрған жоқ», — дейді адвокат Асылбек Әбдірайымов.

Мойындасын-мойындамасын, қандықолдың қылмысы дүйім елге мәлім. Көлігімен артқа жүріп, қатты жылдамдықпен күзетшіні қағып, артынан тепкілеп тастағаны, абырой болғанда, түгелімен таспаға түсіп қалған. Марқұмның жақындары барынша жалынғанымен, 42 жастағы Нұрбол Қайыпбаев өмірге қайтып келмейді. Асыраушысынан айырылған жары жалғыз өзі шып-пыр етіп әділдік іздеп жүр.

«Кешіре алмаймын. Бірақ кешірім сұрап келді, ата-анасы, сот уақыты жақындаған кезде. Маған қазір өте қиын. Балалар әкесін сағынады дегендей, сағынсақ та, келмейді. Мен ол жауызды өмір бойы бас бостандығынан айырса деймін», — дейді жесірі Әсем Молдахунова.

Марқұмның артында әйелі үш баласымен жалғыз қалды. Үшеуі де кәмелетке толмаған. Кенжесінің жасы бесте. Жесір қалған жары енді материалдық шығыны мен моральдық зардабын өтесін деген талап қойып отыр.

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар