Желіде 16 жастағы Шерзат Полатты өлтірді деген күдіктілердің тергеу изоляторында мереке ұйымдастырған сәті түсірілген видео тарады.
Кадрларда олар сусын ішіп, торттағы шамдарды өшіріп, дауыстық көмекші Алисадан Қайрат Нұртастың «Туған күн» әнін қосуды сұрағаны көрінеді. Біреу бұл сәтті телефонға түсіріп алған.
Видео әлеуметтік желілерде үлкен сынға ұшырады. Пайдаланушылар ауыр қылмыс жасады деп айыпталған адамдарға ИВС-та мұндай жағдайлар қалай жасалғанына наразылық білдіруде.
«Тұтқындалғандардың туған күнін атап өткен видеосының таралу фактісі бойынша тексеру жүргізілуде. Барлық қатысы бар адамдар, соның ішінде басшылық, қатаң жауапкершілікке тартылады. Тергеу ерекше бақылауда, құқықбұзушылықтың себептерін жою шаралары қабылданды», — деді Алматы облыстық ПД бастығы Мейрам Әбікев.