Алматыдағы орталық саябақта 1 мамыр күні қарапайым азаматтардан гөрі полиция қызметі көп жүрді. Ол аумақ бейбіт митингке шығатын адамдардың жиналатын жері болып белгіленген. Плакат ұстап, өз ұстанымдарын білдірген жиырма шақты адамның алдына алдымен прокурор шығып, митингінің заңсыз екенін айтып, қайтуларын талап етеді. Артынан полиция азаматтардың барлығын ұстап әкетті. 

Шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, елде қызметіне тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының (Еуропарламент ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық ұйым» деп атайды) жетекшісі Мұхтар Әблязов жұртты осы жерге наразылыққа шақырған.

Ол Қытай азаматтарының Қытайға визасыз кіру режиміне қарсылық білдіріп, Қазақстанның ҰҚШҰ мен Еуразиялық экономикалық одақтан шығуын талап етуге үндеген.

Ал Астанада «оппозиция митингісі өтеді» деген аумақты полиция тұтас қоршап тастады. Полиция машиналары өте көп. Азаттық тілшісі он шақты автобус, алты-жеті полиция машинасын көрді. Адам құқығын қорғау бюросының заңгері Артур Алхастов бір адамның ұсталғанын көрген, бірақ аты-жөнін білмейтінін айтты.

Астанада полиция тіркелмеген «Алға, Қазақстан» оппозициялық партиясының мүшесі Марат Жыланбаевты жолда тоқтатып, Алматы аудандық полиция бөлімшесіне әкетті. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, полиция «Жыланбаевтың жол ережесін бұзғаны жөнінде әлдекімнен қоңырау» түскенін айтып, хаттама толтыру үшін бөлімшеге бару керектігін айтқан.

Жыланбаев бұған дейін әлеуметтік желідегі парақшасында 1 мамырда Астанадағы Кенесары хан ескерткіші маңында марафоннан шеберлік сынып өткізетінін жариялаған. Осыған дейін Әблязов та митинг дәл осы ескерткіш маңында өтетіні хабарланған еді.

Жыланбаев шақырған жерге «жүгірудің тәсілін үйренеміз» деген бірен-саран адам жиналды. Оларды полиция біраз бақылап тұрды. Марат Жыланбаевтың ұсталғанын естіген топ «полициядан қорықпаймыз, тарқап кетпейміз. Маратқа қолдау білдіріп, өзіміз жүгіреміз» деді.

#NotExtremists Телеграм-арнасы Астанада азаматтық белсенді Эльвира Бекзадина ұсталғанын жазған.

Сондай-ақ Астанада полиция «Власть» сайтының тілшісі Бейімбет Молдағалиды ұстап кейін қайта босатқан. «Власть» сайтының жазуынша, тілшіні Сарыарқа аудандық полиция бөлімшесінде суретке түсіріп, саусақ іздерін алған. Басылым тілшіге қысымға байланысты полицияға шағым түсіретінін хабарлады.

Қазақстан билігі осыған дейін Қытаймен өзара 30 күндік визасын режим енгізетінін мәлімдеген. Кейбір белсенділер Қытай азаматтарына визасыз режим енгізсе, елге қытайлықтар келіп, заңсыз қалып қояды деп қауіптенеді.

Сондай-ақ оппозиция мен белсенділер Ресейдің ықпалы күшті Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақтан шығуды да талап етеді.

Ресей және Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатқан Қазақстан билігі Мәскеу және Пекинмен байланыстан еш қауіп көрмейді.

Қазақстанда жұрт қандай да бір наразылық шарасына шығу үшін әкімдіктен рұқсат алуы тиіс. Әкімдік рұқсат етілмеген митингілер заңсыз деп танылады және қатысушыларын полиция күштеп ұстап, кейін әкімшілік жазаға тартады.