Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне сілтеме жасап хабарланды. Қылмыстық іс бойынша ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) растады. Басқарма басшысы Ішкі істер министрлігімен (ІІМ) бірлескен арнайы операция барысында ҰҚК қызметкерлерімен ұсталған.
Бұған дейін БАҚ-та Ақтауда ІІМ-нің Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының бастығы мен оның қол астындағы қызметкері ұсталғаны туралы ақпарат тараған. Олар «қылмыстық іс бойынша оң шешім шығару үшін бір миллион теңге көлемінде пара алды» деген күдікке ілінгені хабарланды.
«Аталған факт бойынша ҰҚК Қылмыстық кодекстің 366-бабы «Пара алу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Қылмыстық іс бойынша басқа ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөліміне сәйкес жариялауға жатпайды», – деп мәлімдеді ҰҚК баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың желтоқсан айының соңында ҰҚК қызметкерлері Маңғыстау облысында есірткі саудасымен айналысқан үш қазақстандықты ұстаған болатын.